Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген Кенжекөл ауылының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Нұрлан Сейтқазинов 25 ақпанда үйі өртке оранғанын айтып, партиялықтардан көмек сұрады. Ол оқыс оқиғадан кейін жарымен, үш баласымен далада қалғанын айтты.
– Тұтқиылдан шыққан тілсіз жау баспанамыздан айырды. Өрт болған кезде тек құжаттарымызды алып үлгердік. Қалған дүние-мүлкіміз қас-қағым сәтте күлге айналды. Отбасымызбен көшеде қалдық, – деді Н.Сейтқазинов.Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының басшылығы «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалар бойынша уақытша тұрғын үйді жалға алуға жәрдемдесті. Сондай-ақ Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко Сейтқазиновтар отбасымен кездесіп, азық-түлік пен қажетті тұрмыстық заттарды табыс етті.
– Сейтқазиновтар отбасымен кездесіп, болған жағдайды өз ауыздарынан естідім. Бұл мәселе партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың жеке қадағалауында болады, – деді Илья Теренченко.Сонымен қатар Сейтқазиновтар отбасын қалалық партия филиалының төрағасы, қала әкімі Қайрат Нүкенов жеке қабылдады. Қабылдау қорытындысы бойынша Қайрат Теміршотұлы зардап шеккен отбасыға қажетті көмек көрсетілетінін айтып, тиісті орындарға тапсырма берді. Өз кезегінде Нұрлан Сейтқазинов отбасының атынан Nur Otan партиясының мүшелеріне жедел көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Тұрғын үйді қалпына келтіру мәселесі мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша қаралып, Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының бақылауына алынды.
Әбілмансұр ЖАСАН