Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Дегенмен қауіпті дерттің таралуына жол бермеу үшін тиісті шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деп баяндады.
Елжан Біртанов ең бірінші кезекте мерекелік жиын-той, спорттық іс-шаралар өткізілмейтінін жеткізді. Сондай-ақ коронавирус жұқтыру қаупі жөнінен алғашқы санатқа жатқызылған мемлекеттерге сапарға шығуға тыйым салынады. «Келешекте тағы бір мемлекет коронавирус қаупі жағынан бірінші санатқа енгізілуі мүмкін. Сол себепті алдын ала ескертеміз. Сапарды кейінге қалдырып, ешқайда шықпаған абзал. Ауруға байланысты жағдай күн сайын өзгеріске ұшырайтындықтан, ахуалға күнделікті жаңадан баға беріледі», – деді министр.Қазақстан 4 наурызда бірінші санаттағы елдерден келген шетел азаматтары үшін шектеу қойды. Бұл норманы енгізу жолаушылар ағынын қысқарту үшін жасалып отыр. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар ескерту мен қауіп-қатерге қарамай, басқа елдерге сапарлауды тоқтатпай отыр. Министрдің айтуынша, қазақстандықтар коронавирустың таралуы бойынша бірінші санаттағы Оңтүстік Кореяға құмартуы басылар емес. «Біз ауру кең таралып келе жатқан елдерге бірінші күннен бастап бармауға кеңес беріп жатырмыз. Бірақ кейбір азаматтар бұл шектеуді бизнеске кедергі келтірді деген сыңайда түсініп, сынайды. Біздің бұл ұсыныстарымыз азаматтарымызды қорғауға бағытталған», – деді Е.Біртанов. Әйтсе де, осы күнге дейінгі ескертуге қарамай кетіп қалғандар баршылық. Енді олар елге оралған соң арнайы шектеу мен тыйым шараларына дайын болуы тиіс. Егер ол талапқа көнбесе, Денсаулық сақтау кодексін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Министрдің айтқанынан түсінгеніміз, Қазақстан өз ішінде аталған шектеулерді енгізгенімен, әрдайым басқа елдердің әуекомпанияларына ықпал ете алмасы анық. Бірақ халықты қорғау мақсатында елге келіп жатқан азаматтарды депортациялауға дейінгі әрекетті жасауға, жер аударуды жүзеге асыруға құқығымыз бар. «Мәселен, 4 наурыз күні Біріккен Араб Әмірліктерінен борт келді. Онда ҚХР-дың екі азаматы бар болып шықты. Біз оларды оқшаулап, бақылап, Қытайға жібердік. Басқа елдер де осындай шараларды қабылдауда. Бұл – үйлесімді саясат», – деді Біртанов. Десе де, Елжан Біртанов орталық деңгейде қандай да бір шараларды шектеп, қоғамдық орындарды жабу туралы бұйрық шықпағанын айтты. Себебі әр өңірге байланысты эпидемиологиялық қауіп пен тәуекел де әртүрлі. Мәселен, бір облыста карантин енгізудің қажеті болмаса, екінші бір ірі қалада халықаралық әуежай қызмет ететіндіктен, онда тәуекелдер баршылық. Себебі ол жерге күн сайын адамдар келіп-кетіп жатады. «Әйтсе де, әкімдер немесе аймақтардың өзге де жауапты адамдары қандай да бір шараларды қабылдап, жариялайтындай тиісті жоспар бар. Егер вирустың ошағы Қытайды алып қарасақ, ондағы Хубей провинциясында ғана карантин енгізілді. Бейжіңде белгілі бір шектеулер болды. Қалған қалалар кәдімгі күнделікті тірлігін жалғастыра берді. Оңтүстік Корея мен Италияда да жағдай сол. Бәріне салмақты қараған абзал», – деді министр.
Елордадағы баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов коронавирус қаупіне байланысты Қазақстанда карантиндік шараларға жатқызылған азаматтар туралы да кеңірек айтып берді. «Бізде 992 адам карантинде жатыр. Оның ішінде оқшауланғандар да, үй жағдайында карантинде жатқандар да бар. 2 және 3 санаттар бойынша, яғни тұрғылықты мекенжай тұрғысынан 7 515 адам бақылауда. Жалпы, түрлі елден келген 8 мыңға тарта адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауына алынған», – деді ол. Министрдің сөзіне қарағанда, карантинде жатқандардың ішінде көпшілігі Қазақстан азаматы, шетелдіктер де бар. «Ауру белгілері бар жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. Бүгінге дейін бізде 60 адам ауруханаға жатқан. 18-і кеше шығып кетті. 42-і қалды. Олар зерттеуден, диагностикадан өтуде. Осыған дейін айтқанымдай, Ресей және ҚХР-дан өнеркәсіптік өндірістен шыққан диагностикалық тесттер әкелінген. ДДСҰ-дан да қосымша тесттер жеткізілді. Біз 1 014 адамды тексердік. Тесттердің бірде-бірінде коронавирус инфекциясы анықталған жоқ», – деді министр.Тәуекел ДУМАНҰЛЫ