Алматыдағы жер сілкінісі кезінде 67 адам зардап шеккен, оның ішінде алты және жеті айлық сәбилер де бар. Бұл туралы Алматы әкімдігі Telegram арнасында хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, 23 қаңтар сағат 17.00-дегі жағдай бойынша Алматы ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 55-сі ересек, 12-і бала. Сегіз адам ауруханаға жатқызылды (үш ересек және 5 бала), қалған науқастар барлық қажетті тексеруден кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Үш ересек науқас Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Науқастардың бірі отадан кейін жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Екі науқас травматология және ортопедия бөлімшесінде жатыр, жағдайы орташа ауыр.
Балалар жедел медициналық жәрдем орталығында төрт бала: 6 және 7 айлық, 7 және 16 жастағы балалар медициналық көмек алып жатыр.
"Олардың барлық жарақаты үйде құлау салдарынан болған. Сәбилерге келетін болсақ, бір сәби анасының құшағынан, екіншісі бесіктен құлаған. Барлық баланың жағдайы орташа тұрақты деп бағаланады. Олар нейрохирургия және травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Хирургиялық ота жасалмады, емі консервативті болды. ЖРВИ диагнозы қойылған 17 жастағы бір бала Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр", - делінген хабарламада.