«Қарызсыз қоғам»: Жалақысы 100 мың теңгеге жетпесе де, той жасау үшін кредит алуға асығады

Биыл «АМАNАТ» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мыңға жуық адам қаржылық сауатты арттыру курсынан өтеді.

Бүгін халықтың қаржылық сауатын арттыратын мамандарды оқыту жұмысы бастау алды. Олар 5 ақпаннан бастап еліміздің барлық аймағында тренинг өткізеді.

Астанада біліктілікті арттыру курсынан өту және аудиториямен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдысын дамыту мақсатында 150 қаржылық сарапшы бас қосты. Олар – халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасының болашақ дәріс оқушылары. Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында жобаның тиімділігі атап өтіліп, Президент оның ауқымын кеңейтуді тапсырғанын айтты.

 

«Биыл қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқытуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралдары әзірленеді. Жобаның ауқымын кеңейту мақсатында еліміздің барлық өңірінде 750 мың адамды, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушыны оқыту жоспарлануда», – деді Эльдар Жұмағазиев.

«Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева өтініш берушілерді іріктеу кезінде 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға басымдық берілетінін айтты.

«Бүгінде еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 77%-да несие бар. Ал 1,7 млн адамның несие төлеу мерзімі өтіп кеткен. Біз тек сан мен санауды үйретіп қана қоймай, таңдау жасау еркіндігіне жол ашамыз. Өйткені қаражатты қалай басқару керек екенін білген соң, сіз жай өмір сүріп қана қоймай, алдағы күнге жоспар да құра аласыз. Біздің жоба - қаржылық тәуелсіздіктің кілті», – деді ол.

Қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Жандос Әзімбайдың айтуынша, тыңдаушылар арасында түрлі жағдайға тап болған жандар бар. Алайда халықтың басым бөлігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді де несиеге рәсімдейді.

 

«Тыңдаушылардың арасында орта есеппен бір адамға 2-3 тұтынушылық несиеден келеді. Ал несие көлемі 70 мыңнан 2 млн теңгеге дейін барады. Алайда, аталған қарызды олар асқан қажеттіліктен алмаған. Адамдар маркетинг айласына алданып, үйде теледидары бола тұра жаңасын алғысы келді. Тыңдаушылардың бірі тіпті 16 несие алыпты», – деді ол.

Ал тренер Айман Ақынбекова «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында дәріс алған әр адам жеке қаржылық жағдайын жақсарту жоспарын қоса алатынын атап өтті.

«Адамдар көбінесе несиені той жасау үшін алады. Жалақысы 100 мың теңгеге жетпесе де, той жасау үшін ақша алуға асығады. Микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Екінші деңгейлі банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алған адамдар оны неше еселеп қайтаратындарын да білмейді. Бұл да қаржылық сауаттылықтың аздығын көрсетеді», – деді ол. 

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда бастау алды. Осы уақыт аралығында 65 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Қатысушылардың орташа жасы – 43. Олардың 65%-да несие бар. Қарызды қайтару мерзімі 90 күннен асып кеткен адамдардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасылық табысы 100 мың теңгеге жетпейді. Сонымен қатар, дәріс алушылардың үштен бірінде кемі 2 несиеден бар. Қатысушылар арасында балаларының несиелерін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де болды.

 

«Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.