«Цифрлы алшақтықты» реттеу қажет
«Цифрлы алшақтықты» реттеу қажет
156
оқылды
Мемлекет басшысы «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Президенті кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Smart Bridge және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең ал­дымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгеріс әкелуі қажет екенін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік орган мен ведомствоға қарасты мекемеге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті. Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.
– Big Data технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескір­ген ақпараттарды анықтауға, ша­шы­раңқы мәліметтердің біртұтас және объект­ивті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сондықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлы қыз­меттер кез келген қарапайым адамға тү­сінікті және қолжетімді болуы тиіс еке­нін жеткізді. Со­нымен қатар қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әр­түрлі санат­тағы азаматтардан құралған топтар жа­сақ­талып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңей­ту үшін реттеудің және ынталандырудың ке­шен­ді шараларын әзірлеуді тапсырды. – Мемлекеттік басқару жүйе­сінде цифрлы технологияны қол­дану – бүкіл бағдарламаның табыс­ты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толық­тай элек­тронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететін­дей, құ­жаттарды қағаз жүзінде де, элек­трон­ды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұс­қаларына біртіндеп ты­йым са­лынуы керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент тиісті заңнамалық актілерге, мемлекеттік орган­дар­дың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, Үкі­метке, Парламент палаталарының аппараттарына, басқа да орган­дарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді ци­фрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болған­мен, әр аймақта және барлық салада бір­келкі іске аспай жатқ­анын жеткізді.
– Бизнес пен азаматтар тара­пынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кезде­седі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифр­лық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы интер­неттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары ара­сында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін атап өтті. – Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлы алшақтықты» реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстандағы деректер базасының еселеп артуына қарай тиісті ин­фрақұрылым мен сервис дайындау қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы еліміздің шетелдік әзірлемелер мен техно­логияларға әлде де тәуелді екенін айтты. Сондықтан қажетті IT жо­баларды әзірлеп, енгізу үшін Үкі­метке «Астана Хаб», «Алатау» Инновациялық-технологиялар паркі, «Назарбаев Университеті» кәсіпорындарының әлеуетін арттыру жұмыстарын жандан­дыруды тапсырды. – Халықаралық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық дең­гейде бәсекеге қабілетті отандық әзірлемелерге басымдық бере оты­рып, сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ең алдымен мемлекеттік секторға қатысты. Сол себепті Үкі­метке цифрлы жобаларды келісу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын. Біздің заңнамаларда базалық әдістер бекітілген. Сонымен қатар венчур­лық қызметті толықтай тәртіпке келтіру және ынталандыру мәселе­сін де ойластыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.    width= Қазақстан Президенті Үкімет пен ҰҚК бірлесіп ақпараттық ре­сурстарды және жалпы «цифрлы дербестікті» тиімді қорғауды қам­тамасыз ету жөнінде тапсырма бер­ді. Оның айтуынша, бұл мақ­сат­та ақпараттық қауіпсіздіктің 10 жедел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ «ақ­параттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім беру грантын кемі екі мыңға дейін арттыру керек. Мемлекет басшысы цифрлан­дыру саласына жауапты вице-ми­нистрлер мемлекеттік аппараттың жұмысына оң өзгерістер әкелуі қажетін, сонымен қатар олар эко­номикада және басқа да салаларда цифрлы реформаларды қолға алуы тиіс екенін атап өтті.
– Олардың міндеті – күнделікті жұмыс емес, реформалар мен өзгерістерді іске асыру. Осы ретте мемлекеттік органдарда цифрлан­дыру офицері лауазымын енгізу керек. Жергілікті жерлерде әкімнің нақты бір орынбасарын цифр­ландыруға жауапты етіп бекіту қажет. Олар Цифрлық даму ми­нистр­лігімен тығыз жұмыс істеуі тиіс, – деді Президент.
Жиын соңында Қасым-Жо­март Тоқаев цифрландыру мемле­кеттік маңызды іс, ел экономи­ка­сы­ның дамуы аталған салаға тіке­лей байланысты екенін баса айтты. Кеңесте Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Премьер-Министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов, Алма­ты қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.  

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ НАҚТЫ ШАРАЛАРЫН ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті қабылдады. Бұл туралы мәлімет Ақорданың ресми сайтында жа­рияланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ми­нистрліктің атаулы әлеуметтік кө­мек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы от­басыларға та­быс көлеміне қа­рамастан жәрде­ма­қы беру, со­нымен қатар мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға әлеу­меттік қолдау көрсету бағытында атқарып жат­қан кешенді шаралары жайында баяндалды. Президентке «Еңбек» бағдар­ламасының іске асырылу барысы, оның ішінде жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға шағын кредит беру тәртібі, жұмыс беру­шілердің ұсынысы бойынша бө­лінетін білім гранттары, жастардың жаңа жобалары туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ шетелден жұ­мыс күшін тарту мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп жүр­гізген тексерулердің қорытындысы жайында айтылды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қолдау министрі Прези­дент­ке мемлекеттік қызметші­лер­дің мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа шығуы Қазақстан заңнамасына қайшы емес екенін және өзгертулер енгізуді талап етпейтінін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсыр­масы Еңбек кодексін толық сақтай отырып, кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерді атқару үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес орындалады. Еңбек кодексі бойынша мемлекеттік қызметшілер жұмысқа өзінің жазбаша келісімімен шығады және олардың бір күндік жұмысының еңбекақысы кемінде 1,5 есе көле­мінде төленеді. Мерекелерден ке­йін келетін демалыс күндері жұ­мысқа Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдар мен басқа да ведом­ство­лардың кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерге жауапты қызметкерлері тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға әлеуметтік қолдау көрсе­ту­ді тапсырды. Сонымен қа­тар Президент шетелден жұмыс кү­шін тарту мәселесін ерекше ба­қылауда ұстау қажет екенін баса айтты.   Елдос СЕНБАЙ