Ақмолада жаңа туған нәрестеге құтқарушының есімі берілді

Ақмола облысында жаңа туған нәрестеге қатты боран мен аязға қарамастан жоғалып кеткен жүкті әйел мен ұлын тауып құтқарып қалған Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының есімі берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Биыл 10 қаңтарда Ерейментау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов жаяулап жүріп өз бетін де үсіріп алғанына қарамастан айдалада қалған жүкті әйел мен баласын аман-есен құтқарып қалған.

 

Әне-міне босануға шақ қалған әйел жүктіліктің 35 аптасында болған. 22 қаңтар күні Амангелді Доскеновке хабарласқан құтқарылған отбасының жақындары оны баланы перзентханадан алып шығу шарасына шақырған. 

– Отбасының бір мүшесі сияқты баланы батырдың қолына берген. Балаға құтқарушының есімі беріліп Амангелді деп ат қойыпты. Кішкентай сәби дені сау болып өмірге келген. Бала отбасында жетінші сәби екен. Ата-анасы қазақ үшін қасиетті сан екенін айтты, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы