«AMANAT» партиясы шекарадағы аудандарды дамытудың жүйелі тетігін жасау қажет деп есептейді

Мәжіліс отырысында депутат шекарадағы аудандардың мәселесін көтерді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының атынан Ұлықбек Тұмашинов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен  Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Катонқарағай, Марқакөл аудандары құрылды.

Менің сауалым жаңадан құрылған аудандардың бірі – Марқакөл ауданы туралы болмақ. Қаңтардың бірінші онкүндігінде, өңірлерді аралау кезінде осы аудандарда, яғни Катонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Күршім аймағында болып қайттық. Сондағы қарапайым халықтың ризашылығы мен қуанышын, Президентімізге деген зор ықыласы мен алғысын көрдік.  

Жаңадан құрылған аудандарға ерекше көңіл бөлу керек екені бәрімізге мәлім.  

Аталған Марқакөл ауданының аймағында «Марқакөл қорығы» орналасқан. Бұл қорық Кеңес Одағы кезінде құрылған. Бүгінгі күні «Катонқарағай» және «Тарбағатай» ұлттық парктерімен көршілес орналасқан. Қорық болу себебінен, заңмен туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынған. Халықпен кездесу кезінде, сайлаушыларымыздың сұрауы бойынша өңірдің экономикасын, туризмді дамыту мақсатында, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, қосымша табыс табу және осы ауданның байырғы тұрғындарының өз өлкесіне қайтып оралуына қызығушылық тудыру үшін «Марқакөл қорығының» статусын өзгертіп, «Марқакөл ұлттық паркі» ретінде қарастыру қажет. Бұл дегеніміз – осы өлкенің ертең Қазақстан елінің інжу-маржанына айналуына қосылған үлкен үлесі болар еді. 

Тәжірибе көрсеткендей, Ұлттық парк статусы ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін арттырып, туристердің санын көбейтіп, ауданға өте қажет кіші бизнесті дамытуға жан-жақты мүмкіндік береді.

«AMANAT» партиясы шекаралық аудандарды дамытудың жүйелі тетіктерін жасау қажет деп есептейді. 

Үкімет жанынан құзырлы министрлік өкілдері санатынан, Мәжіліс депутаттарымен бірге осы мәселе жөнінде топ құрып, шешу тетіктерін қарастыру қажет.