Депутаттар вейпке тыйым салуды қолдайды

«AMANAT» партиясы фрак­ция­сының депутат­та­ры Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депу­тат­тық сауал жолдады. Со­­лар­дың бірі – Дәулет Тұрлыханов.

Осыдан біраз уақыт бұрын қоғамдағы дерттердің бірі – вейпке тыйым салу туралы мәселе көтерген едік. Бүгін осы негізгі норма көзделген заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды. Аталған заң – ұлт саулығын қорғауға бағытталған нақты нәтиже деп білемін. 

«Время» газетінің таяудағы санында «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі жарияланды. Онда апта сайын Астана мен алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны айтылған. Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін лаборатория жоқ екен. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері оның сатылуы 300 есеге өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды. 

Бүгінде пайдасынан зияны көп, жас та кәрі де пайдаланатын осындай электронды темекі, синтетикалық наркотик, бір іш­сең қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен-күнге көбейіп барады. 

Солардың бірі – кальян, қор-қор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңы­рау­құлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қор­қорлататын жағдайға жетті. 

Тіпті, жасөспірімдердің өзі топ­талып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көмуде. 

Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі аро­матизатор, масай­татын заттар қосылатыны жасы­рын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жат­қан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай!

Рас, кальянды қоғамдық орын­дарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орын­далмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. 

Кальян таратушылар тек өз­дерінің  емес, қасындағы адам­дардың да денсаулығына зия­нын тигізуде. Қоғамдық орын­дарға тынығуға барған адам­дар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр. Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян ше­гушіге әкімшілік шара қолда­нылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көр­сеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген. 

Сондықтан бұл мәселені де жіті қарап, заңнамалық негізде тоқтау салатын кез жетті деп білемін. Әріптестерімді осыған шақырамын.

Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты әрекеті мен ұстанымы көңіл көншітпейді. 

Әрине, экономиканы дамыт­қан жақсы, ел қазынасын қам­пайтатын түсімнің артқаны дұрыс. Бірақ ол халық денсаулығының есебінен болмауы тиіс. 

Еліміздің басты байлығы – адам. Оның денінің сау, санасының сергек, зиянды әдеттерден аулақ болуы бәрінен маңызды. 

Сондықтан қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептеймін. 

Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі шараларды қолға алуды ұсынамын:

Бірінші. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министр­лігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйым­дастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

Екінші. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шыға­ратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қоры­тынды әзірлеуі тиіс.

Үшінші. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзған­дарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.

Бердібек ҚАБАЙ