Алаштың тұңғыш білім ордасы – Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлауда ұстаздық ұстанымын биік қойған аяулы ұстаздардың бірі.
Мерейлі 60 жасын көркем мінез, жайдары жанымен, педагогке тән кәсіби ізденушілік, кәсіби шеберлікпен, шәкірттеріне, әріптестеріне деген мейірімділікпен қарсы алып отырған Гүлжан Құсманқызы әр ұстазға өнеге!
Ол бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Восток ауылында дүниеге келіп, үлкен отбасында әке-шеше қамқорлығы мен өнегесін көріп өседі. «Арман қуып, болашақ кәсібін таңдауда да жол көрсеткен әке-шешем» – дейді өз сөзінде.
Ол Восток ауылындағы сегізжылдық мектепті 1979 жылы аяқтағаннан кейін Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық училищесіне түсіп, осы училищені «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш кластарында оқыту» мамандығы бойынша 1983 жылы аяқтап, армандаған мамандығының иесі атанады. Кейіннен Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Педагогика және бастауыш мектептегі оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алады.
Жас маман еңбек жолын өз ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, ширек ғасыр ауыл мектебінде педагогикалық қызметін адал атқарып, көптеген жетістікке жетеді. Талай шәкірттерінің армандарына қанат бітіріп, білім дәнін сеуіп, өмірден өз орындарын табуға ықпал етеді. Шәкірттерін білім мен тәрбие алудағы қажырлыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулиды, табандылық пен еңбек етіп, биік мақсаттарға қол жеткізуді үйреткен ұлағатты ұстазға дейін өседі.
Гүлжан Құсманқызы Алаштың тұңғыш білім ордасына 2014 жылы қызметке келіп, бүгінге дейін оқытушылық, әдіскерлік қызметтердің алғы шебінен көрініп жүрген, кәсіби білімі мен шеберлігін ұштастыра білген шебер-педагог. Кәсіптік білім беру саласында тәжірибелі педагогтердің шеберлігі аса қуатты күш-құрал екені белгілі. Бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, көптің құрметіне бөленген, өз ісінің білікті маманы Қазақстан Республикасының білім беру саласына өз үлесін 40 жылдан астам уақыт аянбай, талмай қосып келеді.
Табиғатынан еңбекқор Гүлжан Құсманқызы – кәсіби міндеттерді атқарудағы жігері мен төзімділігі ерекше жан. Студенттерге жетекшілік қызметімен қатар ол ғылыми-зерттеушілік жұмыстарды ұтымды ұйымдастырып, оқу-әдістемелік кешендер әзірледі. Авторлық шығармашылық жұмыстарының бірегейі – «Кәсіпқор» Холдингі» КеАҚ тапсырысы бойынша 2019 жылы «Педагогикалық этика негіздері» оқу құралын әзірледі. 2021 жылы республикалық деңгейде бірнеше рет «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-да Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндері бойынша «Тәрбие қызметінің теориясы мен практикасы» пәнінен тест тапсырмаларын әзірлеу жұмысына қатысса, «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде байқау жұмыстарын бағалап, республикалық кезеңге қатысушыларды іріктеуде қазылар алқасы құрамында (2023ж.), Абай облысы педагогтерінің авторлық бағдарламалары материалдарын сараптау кеңесінің құрамында (2022 ж.), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне санаттарын беру бойынша аттестаттау комиссиясының және сараптамалық кеңес құрамында (2023 ж.) болып сарапшылық қызметтерді атқаруда жоғары кәсіби құзіреттілігін танытты.
Гүлжан Құсманқызы колледжде педагогика пәнінен білім берумен қатар, болашақ мамандардың іс-тәжірибеде шыңдалуына өз үлесін қосып, жетекшілік етіп келеді. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін ұстанған оқытушы–әдіскер тәрбие мен білім беруді таразының басындай тең ұстайды.
Адами қарым-қатынаста адалдықты, мейірім мен сыйластықты алға қою да Гүлжан Құсманқызына тән қасиеттер. Игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе әкелері анық. Халықаралық, республикалық, облыстық марапаттар мен наградалардың иегері педагогикалық еңбек жолында еңбегі еленіп, 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп айтылған өлең жолдары Гүлжан Құсманқызына арналғандай.
Көркем мінезі мен кәсіби құзіреттілігін ұштастыра білген, ұстанымы биік ұстаз! Бәсекеге қабілетті, кәсіби құзіретті, шығармашыл, жаңашыл, коммуникативті мамандарды даярлаудағы ерен еңбегіңіз еленіп, жемісін көре беріңіз. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашан да арта бергей!
Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбегіңізге табыс, шығармашылық жетістіктер, саламатты денсаулық, отбасыңызбен амандықта болуыңызды тілейміз, ардақты ұстаз, аяулы жар, бақытты ана, асыл әже!
Шығар шыңдарыңыз әрқашан да биік болғай, еңбегінен бақыт тапқан мерейлі ұстаз!
З.АЛКАНОВА,
М.Әуезов атындағы Педагогикалық колледж директорының
ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары