Онға толмай ойнақтама
Онға толмай ойнақтама
136
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, Қазақстанда кәмелет жасына тол­мағандар жылына мыңға жуық аборт жасайды екен. Мамандар осы ста­тистикаға байланысты төменгі сыныптан бастап жыныстық қатынас туралы айтуды ұсынуда. Акушер-гинеколог Галина Гребенникованың БАҚ-қа берген мәліметіне қарағанда, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Ерте жас­тан аяғы ауыр болу денсау­лыққа ғана зиян емес, бұл өз-өзіне қол жұмсауға да әкеп соғады дейді. Сол себепті Гребенникова мұндай тақырыпты мек­тептен бастап қозғаған жөн деп отыр. Бұрын анатомия са­бағы 8-сыныптан басталатын. Енді мамандар бұл пәнді  3-4-сыныптан бастауды құп көретін секілді. Мұн­дай пәнді тәжірибелі педагог жүргізгенін дұрыс са­н­ай­ды. Яғни, бұл тақырып жабық болмауы тиіс деген ойда. Шамамен 3-сынып оқушысының жасы 9-да делік. Тоғыздағы баланың қабылдауы үшін бұл тақырып ауыр емес пе? Бұған ата-ана не дейді? Мұғалімдер ше? Дәрігер ретінде Гребенникованың айтқаны да дұрыс шығар. Статистикаға сүйенсек, соңғы бір жылда 15-18 жас аралы­ғында 3 500-ден аса қыз жүкті болған екен. Мың­­даған қыз түсік жасатады. Ерте жастан түсік жасату – ден­сау­лыққа да зиян. Қаншама өрімтал қыз өз өміріне өзі балта шауып жатыр. Олардың ертеңін ойлаған жан бар ма?  

«Тәрбиесіз берілген білім –   адамзаттың қас жауы»

Мұны айтқан біз емес, Әбу-На­сыр әл-Фараби. Тәрбиесіз бе­­­рілген білімнің білім емес еке­нін ғұлама тегін айтып отырған жоқ. 3-сыныпқа жыныстық сауат ашуды енгізген дұрыс па, жоқ па, осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Еңбек Ері Аягүл Миразованың: «Бұл мәселені үшінші сыныптың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бі­рақ балаға ерте бастан, ондай дүниені айту – пайда бермейді. Керісінше, баланы бұзуы мүмкін» деп айтқаны бар екен. Мамандар 3-сыныптан бас­тап оқыту дегенде қандай тәжі­рибеге сүйеніп айтқаны белгісіз. Өйткені әр ұлттың өзіне тән ұлттық қасиеті болады. 3-сы­нып­тың баласының жады мұндай «сауатты» қабылдай ала ма? 9-ға толмаған бала әлі ойын баласы емес пе? Онсыз да қазір бізде бар­лығы ашық: интернет, әлеу­меттік желі, компьютерлік клуб­тар. Ешнәрсе шектеулі емес. «10 жасқа дейінгі балаларға көруге болмайды» дегенімізбен, теледи­дардан көрсетіліп жатқан фильм­дерді шектесе, бала көрмейді дегенге сенім аз. Өзге елдерде­гідей бала көруге болмайтын фильмдерді шектеген дұрыс. Белгілі меценат, ұстаз Бекзат Алтынбеков 3-сыныпта мұндай пәннің жүргізілуіне қарсы. «Ке­йінгі кезеңдерде қажеті жоқ та­қырыптарды қозғап, көпшілікті бекер алаңдатып қоямыз. Мек­тепте жыныстық сауаттылықты оқыту керек деген дүниеге өз басым қарсымын. Себебі бұл адамзат баласына табиғаттың өзі беретін құдірет. Әр нәрсенің өз құпиясы бар. Адам физиология­лық, психологиялық жетілген уа­­қытта бұған міндетті түрде ке­леді. Оны «ашып» көрсетудің қажеті жоқ. Отбасында ең бірінші балаға ұлттық тәрбие берілгені жөн. Ұлттық құндылықты бойға сіңірген, ұлттық тәрбиеге қанып өскен балада мұндай сұрақтар тууы мүмкін емес. Сол себепті де, осы газет арқылы оқырмандарға бізде шешімін күтіп тұрған мә­селе көп, соны шешіп алғанымыз дұрыс. Біз жыныстық тәрбие емес, халық даналығын оқыту­дан бастағанымыз дұрыс болар еді. Сонда ұрпақ та адаспайды. Олар­дың жан-жақты сауатты болып шығатынына кәміл сене­мін» дейді Бекзат Алтынбеков.  

«Он үште отау иесі» десек те...

Назар Байсейіт – бес баланың анасы. Үлкені 6-сыныпта оқиды. Ол «дәрігерлердің алаңын жақсы түсінемін» дейді. «Қазақта «Он үште отау иесі» дейді. Мамандар мүмкін он үш жастан үйретер. Шын мәнінде, мектепте балаға бі­лім берген дұрыс. Сабақ оқы­сын, есеп шығарсын. Ал баланың тәрбиесімен ата-ана айналыс­қа­ны жөн. Баланы ұлттық құнды­лық­тарға тәрбиелеген абзал. Ата дәстүрін, үлкенді сыйлауды, «үл­кенге – ізет, кішіге – құрмет» көр­сетуді үйретейік. Жы­ныс­тық сауат береміз деп, ұлды да, қызды да «бұзып» алмаймыз ба? Бала онсызда қазір неше түрлі нәрсеге бейім тұр. Сондықтан 3-4-сынып оқушысына мұндай са­бақ оқыту­дың қажеті жоқ» дейді. Ал бастауыш сыныптың мұ­ғалімдері «мұндай пәнді оқытуға дайын» емесін айтады. «Бұл пән­ді кім үйретеді? Қандай негізде үйретеді? Оған педагог дайын емес. Мүмкін Еуропада мұндай пән бар шығар. Біз Еуропа емес­піз. Мұндай нәрсе қазақ мента­литетіне жат» дейді ұстаздар. Жалпы, қоғамда жыныстық сауаттылықты ашық үгіттеу қа­жет пе, жоқ па дегенде пікір екіге жарылады. Біреулер «дұрыс» деп санаса, екінші біреу «қажет емес» дейді. Бұрынғыдай «жеңгелер инс­титуты жоқ. Бұрын анасы айта алмаған нәрсені жеңгесі жет­кізетін еді. Қазір ондай қағи­даттар бұзылған. Қоғам дамыған сайын салт-дәстүр, құндылықтар өзгеріп отырады. Бәрі дамып отырады. Сондықтан мұны жа­бық тақырып деп санаудың қи­сы­ны жоқ» дейтіндер де табы­лады. Дегенмен 15 жастағы жүк­тілік те, түсік жасатудың да бар кілтипаны – тәрбиеде жатқан се­кілді. Баланы қоғам тәрбие­ле­мейді, тәрбиенің кілті – ата-анада. Ата-ана ретінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаса, оған қоғам кінәлі емес. Сол себепті ұлттық тәрбиесі кемшін бала дәл сол пәнді оқығаннан «білімді» болып кетпесі анық.   P.S. Соңғы жылдары білім ордасы сынақ алаңына айналып бара жатқан жоқ па деген қауіп басым. Тоғыз жастағы балаға ж­ыныстық сауат ашу – оның пси­хологиясына жасалған шабуыл секілді. Әлде осылай «онға толмай ойнақтама» деп ашық айтып отыра береміз бе?   Г. ТҰРҒАНБАЙ