Стратегиялық маңызы бар техникалық дақылдың мүмкіндігі мол екенін, ебін тапқан жан одан бүгінде үлкен сұранысқа ие бірнеше өнім ала алатынын талдықорғандық кәсіпкер Олжас Найзабеков дәлелдеді. Ол жақында қант қызылшасынан бірнеше дайын өнім алатын шағын цехты іске қосты.
Жетісулық кәсіпкер бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Тағамтану институты мамандарымен кеңесіп, қызылшадан экологиялық таза өнім түрлерінің өндірілуін зерттеп, зерделеді. Біршама ізденісті жұмыстардан соңғы қорытынды шығарып, соның нәтижесінде өңдеу ісін бастаған. Осылайша, өткен жылдың соңына қарай аумағы 2 мың шаршы метр болатын екі бөліктен тұратын өндірістік ғимарат тұрғызып, арнайы цехты жабдықтады. Цехтың ішіне қант қызылшасын өңдейтін, қолдан құрастырылған құрал-жабдықтар орнатты. Бұл жабдықтардың қуаты шамамен айына орта есеппен 3 тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Іле-шала Көксу ауданынан 3 тонна қант қызылшасын сатып алады. Алдағы уақытта ісі ілгерілейтін болса, басқа аудандардан да шикізат алатынын айтады. Цехта бүгінге дейін 1 тонна қант қызылшасынан 300 литрге жуық шәрбат дайындалған.
Жас кәсіпкер алдағы уақыттағы ізденістері мен өндірістік үдеріс барысында Жетісу жерінде өсірілетін қызылшаның қай сортының өнімділігі жоғары екенін зерттеп-зерделеп, кейін шығымы, қанттылығы жоғары тұқымды өзі де егіп, өз өнімдерін пайдаланып көрмекші.
«Әзірге цехтағы жұмыстың бәрі қол күшімен жасалады. Яғни, қызылшаны қолмен жуамыз, сосын көкөніс турағыш құралға апарып саламыз, тартамыз. Одан шыққан туралған қызылшаны отқа қойып он сағат қайнатып, шырынын аламыз. Өңдеуден қалған жомды кептіріп, оны да кәдеге жаратамыз. Сөйтіп, жалпы саны 4 түрлі өнім аламыз», – дейді кәсіпкер Олжас Найзабеков.
Цех басшысының айтуынша, әзірге өнім шығаруда шәрбат пен жомға негізгі басымдық беріліп отыр. Жалпы, қант қызылшасынан қайнатылған сұйықтықтың қанттылығын төмен деңгейде дайындаса – компот, қанттылығын 20% мөлшерінде әзірлесе – квас, ал 30%-дан асырса, шәрбат болып шығады екен. Компот пен квас сусын ретінде пайдаланылса, шәрбатқа кондитерлік салада сұраныс өте көп, сол сияқты көктемде ұйқысынан оянған бал араларын азықтандыруда да пайдасы мол. Ал жомды жұмыртқаны жарып шыққанына бір күн болған жас балапандарға берсе, балапанның тез ширап көтерілуіне оң ықпал етеді.
«Тағамтану институты шығарған өнімдеріміздің қауіпсіз әрі пайдалы екенін растады. Осыған байланысты шәрбаттың алғашқы легін Текелідегі тәтті тоқаштар шығаратын кәсіпорынға тестілеуден өткізуге жөнелттік, Алматыдағы «Алматы Боттлерс» компаниясына да жіберілуде. Болашақта осы және басқа да кондитерлік мекемелермен, құс және омарта шаруашылықтармен келісімдер жасаймыз деген жоспарымыз бар», – дейді Олжас Найзабеков.
Кәсіпкердің тағы бір арманы – цех жұмысын автоматтандыруға күш салу. Ол шетелдік компаниялардың қызылшаны жуып, турап, қайнатып, жомды кептіру үдерістерін түгелдей өзі атқаратын арнайы құрылғыларын мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына жүгіне отырып, сатып алсам дейді. «Жұмыс толық автоматтандырылатын болса, онда цехтың қуаты еселеп артар еді», – дейді ол. Әзірге кәсіпкер 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта жоспары іске асып, цехтың іргесі кеңейіп, қуаты артып жатса, жұмысшылардың да санын көбейтпек.
Кәсіптің осынау өзгеше түрін бастауға өңірде қант қызылшасы алқаптарының ұлғайтылуы себеп болған. Жалпы, былтыр облыста 8 500 мың гектар жерге тәтті түбір себіліп, Ақсу, Көксу зауыттарына 330 мың тонна шикізат өткізілген болатын. Биыл 11 500 гектарға жуық жерге егу жоспарланып, одан 460 мың тонна қант қызылшасын алу межеленіп отыр.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы