Құм көшкінін сексеуіл тоқтатады

Сыр аймағы, оның ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалы әлем жұртшылығын алаңдатып тұр. Тұрғылықты халық жыл он екі ай теңіздің құрғаған ұлтанынан көтерілген тұзы мен шаңды топырағын жұтып отыр. Соның салдарынан түрлі кеселге шалдығып, азапты күндерді бастан өткеріп келеді.

«Теңізім қайта оралса» деп тебіренген бұқараның ертеңгі күнге деген үміті әлі де асқақ. Мемлекет тарапынан қабылданған түрлі кешенді бағдарламадан шарапат күтіп келеді. Соның бірі – 10 жылда құрғаған теңіздің ұлтанының 1,1 млн гектарына сексеуіл егіп, құм көшкінін тоқтату жобасы көпшіліктің көңіліне сенім сәулесін ұялатқан болатын. 

Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауынан түскен емес. Дерекке сәйкес, теңіз ұлтанына 1990 жылдан бастап 2021 жылға дейін  195 мың гектар сексеуіл егілгені айтылады. Ал 2021 жылы қабылданған кешенді бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу жоспарға енгізілгені белгілі.

Негізі, Қызылорда облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің аумағы 7 млн гектарды құрайды екен. Соның ішінде 3,8 млн гектары орманды алқап. Оның 83 пайызы негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштарын құрайды екен.

«Мемлекет басшысының 2021-2025  жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасы жүйелі жүргізілуде. Осы мақсатта  250 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу жоспарланып, кезең кезеңімен атқарылады. Оның 100 мың гектар аумағы облыстық деңгейде, қалған 150 мың гектар жері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы жүргізілмекші. Сонымен қатар осы жылы теңіздің құрғаған ұлтанының 150 мың гектар жеріне іздестіру, топырақ зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргізу де көзделуде», – деп өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы мәлімдеді.

Басқарманың таратқан дерегіне сәйкес, облыстық деңгейде атқарылатын 100 мың гектардың 53 мың гектар жеріне сексеуіл көшеттерін отырғызу, 47 мың гектар галофитті тұқымын себу және оған 141 мың 200 келі сексеуіл тұқымын жинау көзделген. Тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен атқару назардан тыс емес екенін алға тартады.

Жалпы, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 150 мың гектар топырақ зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 59 млн теңге және орман мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайту үшін 866,8 млн теңге бөлінгені мәлім болып отыр. Оған «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде екен.

Қазір облыстық деңгейде 100 мың гектар жерге фитоорманмелиорация  жүргізілген. Сондай-ақ орман және көгалдандыру жұмыстарына қажетті 158 гектар жер уа­қыт­ша орман тұқымбақтары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, орман өртін болдыр­мау және алдын алу мақсатында 542 шақырымға жаңадан өрт жолақтарын салу жоспарлануда екен.

Осы орайда өңір халқының да өзіндік ой-пікірін сұрап көрдік. Жұртшылық Мемлекет басшысының қолдауымен теңіз ұлтанын көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлініп жатқанына қолдау білдіріп отыр. Алайда жоспарланған жұмыстар жүйелі жүргізілсе деген пікірде.

«Теңіз ұлтанына Сексеуіл егу жобасы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқаны белгілі. Дегенмен бұл табиғи шөптің күтімі де жоғары. Сондықтан қыруар қаржы желге ұшпаса екен деген тілегіміз бар. Кезінде  Арал өңірінің жанашыры ретінде сексеуілдің орнына жыңғыл ексе деген ұсынысымызды да білдіргенбіз. Себебі жыңғыл қопалап шығатын өсімдік. Анау айтқандай күтімді де қажет етпейді. Ең бастысы, жыңғылдың құм көшкінінен, шаңды дауылдан қорған болатын  қасиеті де жоғары. Қазір де осындай пікірдеміз. Ал есесіне сексеуіл егу жобасына бағытталған қыруар қаржыны Аралға су әкелуге негіз болатын бірегей жобаларға бағыттаса дұрыс болар еді деп ойлаймыз», – дейді бұл тұрғыда аудан тұрғыны Уәлихан Жұмағұлов.

Өңір халқының пікіріне сүйенсек, теңіздің құрғаған ұлтанына қорған болу мақсатында сексеуіл егу жобасын бірлесе атқарған дұрыс деп есептейді. Халықтың уәжіне сүйене отырып жүргізілген жұмыс жүйелі нәтижесін берер еді деген пікірін білдіріп жатыр. Алайда көп жағдайда халық пікірі ескерусіз қалып жататынын жеткізді. Соған орай өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Халықаралық Аралды құтқару қоры Ұлы теңіздің табаны кепкеннен кейін оның ұлтанынан жасыл белдеу жасау мақсатында сексеуіл егу жұмыстарын қолға алып жатқанын білеміз. Соның негізінде бірнеше жылдан бері орман шаруашылығы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Бітпеген іске сын айтудан аулақпыз. Рас, алғашқыда теңіздің құрғаған табанына сексеуіл отырғызуға қарсылық болды. Алайда тұзды шаңның зардабын тартқан халық кейіннен бір септігі болса деген үмітпен қарай бастады. Сондықтан бұл жобаға түбегейлі қарсылық білдіре алмаймыз. Алайда Кіші Арал теңізінің деңгейін қалпына келтіруге күш салса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ Ұлы теңіздің табанына су әкелуге негіз болатын бағдарлама да назардан тыс қалмауы тиіс деп есептейміз. Бұл тұрғыда сібір суларын бұру жөніндегі бағдарламаның қолға алынуын қалаймыз», – деп өз ойымен бөлісті теңіз жанашыры Айжарық Ералиев. 

Кейбір өңір халқы сексеуілді Аралдан 300 шақырым жерге егу экологиялық ахуал­ды еңсеруге сеп болатынына күмәнмен қарайтынын жеткізіп отыр. Оның орнына Арал аумағындағы Мергенсайдың ұлтанынан бастап Ақеспеге қарай шыңның астына, одан әрі Бөген елді мекеніне дейін егу жұмыстарын қолға алса деген пікірде. Сондықтан келешекте халықтың осы тілегі назарға алынса, Арал аумағының шаңды дауылына тосқауыл қойылар еді деген ойын білдірді.

Ал құзырлы орын тарапынан, экология­лық ахуалды еңсеруге бағытталған жоба жүйелі жүргізілетініне сендіріп отыр. Бұл тұрғыда алдағы уақытта құрғаған теңіз ұлтанына 250 гектар сексеуіл егілетінін жеткізді. 

Қалай дегенде де, бес жылға жоспарланған бірегей жобадан теңіз тағдырына алаңдаулы жамағаттың күтері көп. Ең бас­тысы, елдің талап-тілегі ескеріліп, қыруар қаржы нәтижелі жұмыстарға жұмсалса нұр үстіне нұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы