Ауыл шаруашылығындағы дағдарыс
Ауыл шаруашылығындағы дағдарыс
569
оқылды
Осыдан 17 жыл бұрын ауыл шаруашы­лығының жас вице-министрі кезімде «бізден кейін министрлікке жаңа буын менеджерлер келіп, құрған базаны пайдалана отырып, аграрлық саланы сапалы жаңа деңгейге көтереді, ал оны басқару жүйесі эволюциялық түрде дамып, жақсарады» деп ойлайтынмын. Өкінішке қарай, бүгін ол ойымның жүзеге аспағанын және жағдайдың жақсармағанын көріп отырмын. Шын мәнінде, мұндай мәселе басқа да министрліктерге тән жағдай. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрларды іріктеу жұмыстары жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. Ауыл шаруашылығында мемлекеттік менеджерлердің жақсы теориялық білімі ғана емес, практикалық тәжірибесі де болуы керек және олар жергілікті жердегі нақты жағдайды жақсы білуі өте маңызды. Сонымен қатар біздің министрліктің тағы да бір әлсіз жағы бар. Ол оның қызметіндегі сараптау құ­раушысының жоқтығы. Осы мәселеге ел Президенті Қ.Тоқаев бірнеше рет назар аударып, тиісті тапсырмалар берген. Ал сараптау жұмыстарының ғылымға негізделетіні баршаға мәлім. Өкінішке қарай, біз тәуелсіздік алғаннан бері қаншама жыл өтсе де, аграрлық ғылымды тиісті деңгейде дамыта алмай келеміз. Нидерланд жер алқаптарының көлемі бойынша Қазақстанға қарағанда 63 есе кіші, алайда ауыл ша­руашылығы өнімдерін бізден 33 есе көп экспор­т­тай­ды. Айта кетері, ол елде жеке ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрлігі жоқ. Олардың жетістігінің құпия­сы – аг­рар­­лық саланың стратегиясы мен даму бағдарламалары ше­неуніктердің кабинеттерінде емес, ғылыми құры­лым­дарда әзірленуінде, яғни оны тікелей ғалымдар да­йындайды. Осы елдің ауыл шаруашылығындағы қол жет­кен ғажайып табыста­рының өзегі Вагенинген зерт­теу университеті (University of Wageningen) болып саналады. 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қол­дауымен біз шетелдік сарапшылармен бірлесіп, Шор­тан­дыдағы А.Бараев атындағы астық шаруашы­лығы ҒӨО базасында Халықаралық аграрлық-ғы­лыми ор­талық құру жобасын әзірледік. Бұл орталық жетекші аграрлық елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып жобаланған болатын. Мұнда ғылыми қалашықтың құ­ры­лысы мен заманауи ғылыми зертханалар құру қа­рас­тырылған еді. Сонымен қатар аграрлық ғылым­ның бізге қажетті негізгі бағыттары бойынша ғылыми жетекші ретінде шетелдік ғалымдарды тартуды көздегенбіз. Әрине, бұл жобаны жүзеге асыруға белгілі мөл­шерде мемлекеттік инвестициялар қажет болды. Ме­нің ойымша, бұл қаражатты бюджеттен табуға болар еді. Алайда бұл жоба іске аспай, шетте қалды. Себебі отандық аграрлық ғылымның заманауи жүйе­сін ұйым­дастыру арқылы АӨК-ні ғылыми қамта­масыз етуден гөрі, шет елдерден біздің жағдайымызға бейімделмеген сиырларды жаппай импорттау маңызды болды. Кейінірек біздің университеттің ғалымдары UC Davis (АҚШ) және AgriParisTesh (Франция) универ­ситеттерімен бірлесе отырып, С.Сейфуллин атын­дағы ҚАТУ базасында әлемдегі жетекші ғылыми-бі­лім беру орталықтарының үлгісі бойынша аграрлық-зерттеу университетін құру бағдарламасын даярлады. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа да бірқатар мүдделі министрліктер мен мемлекеттік органдардың қарауына жібергенімізге бір жылға жуық уақыт өтті. Содан бері тіпті ел Президенті Қ.Тоқаевтың осы жөнінде жеке тапсырмасы болса да, аталған бағдарламаны бекітіп, зерттеу университетін құру жұмыстары министрліктер тарапынан зорға жүруде. Кейбір шенеуніктер аграрлық ғылымда осындай өзгерістердің қажеттілігін әлі де талқылауда. Жуырда Сенатта өткен парламенттік тыңдау ба­ры­сында ауыл шаруашылығындағы дағдарыс туралы айтылды. Иә, саладағы бүгінгі жағдай шын мәнінде өте күрделі. Менің ойымша, бұл дағдарыс ауа райы­ның қолайсыздығы мен фермерлеріміздің сауатсыз­дығынан туындап отырған жоқ. Оның негізгі себебі ол саланы басқару мен оны ғылыми тұрғыдан қам­тамасыз етудегі орын алып отырған түбегейлі кемші­ліктерде екені ешқандай күмән келтірмейді.   Ақылбек КҮРІШБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротех­никалық университетінің ректоры