«Большая мама»

Бұлар Әжелер емес. Кеңес заманында кеңседе қызмет істегендер. Қоғамға бел­сене араласқандар. Коммунистік жина­лыста дес бермей сөз сөйлеп, активист болғандар, яғни ерлермен иық тіресіп, өз­де­рінің айтуынша, «еркек болып» кет­пегендер. Бірақ бір-екі баланы дүниеге әкеліп, оның тәрбиесін күйеуіне беруге намыстанып, «туған да өзім, асыраған да өзім» деп жар салғандар.

Кеңес заманының барлық әйелдерге берілген құқығын асыра пайдаланғандар. Жарықтық ол заманда әйел де, еркек те қатарласа ішіп, қатарласа құлай салатын еді ғой. Осы бір бақытты шақтарды басынан өткізген бас Әжелер әңгімеміздің қаһармандары еді..

Осы Әже болғысы келмейтін нағыз қаһармандарымыз қашса, құтыла алмайтын зейнет жасына шыққанда қатты күйзеліске ұшырады.

 – Ойпыр-ай, отбасына үйренбеген едік, қоғамнан бөлініп енді не істейміз? – деп қайғырды. Сен қайғырған екенсің деп қарайтын қоғам ба, «Зейнетке шықтың ба, сау бол ендеш» деп, бір тал гүлдерін беріп шығарып салды да, есіктерін тарс жауып, қайыра ашпай қойды. 

Бұл аналарымыздың тіпті немере бағуға да икемдері келмеді. Әрі олардың ықыластары да аумады. Немерелер де бала емес пе, жабысып «Әжелей» бастаған. «Әже» демекші, алғаш осы сөзді есіткенде бір әжеміздің денесі мұздай болып кетті.

 – Ненадо так говорит, – деді немерелеріне жақтырмай.

 – Шындығында, по правде бабушка – Ажесіз, – деп баласы түзеп еді. Ай­налайын келіні ара түсе қалмасы бар ма?

– У нас мама еще молодая. Пусть Ерик назовет Маму «Боль­шая мама», а Папу «Большой Папа» деп жол тауып берді. Сөйтіп, бұл жас болғысы келетін Әжелер «Большая мама» деген атауды немерелеріне үйретті.

Большая мамалар бастарына ақжаулық тартайын десе, «кемпір» болып қаламыз деп қорықты. Жалаңбас, жалаңаяқ, кеуде­лерін бұрынғыдай ашып тастап, ішкен коньяктарын ауыздарынан тастамай, өзде­ріндей зейнетке шыққан подругаларымен бас қосып жүрді. 

Содан бергіде біраз уақыттар өтті. Жа­қында Большая мамалар мен Большой па­палар 70 деген жастың қырқасына шық­қанын тіпті білмей қалған ғой. Осы дөң­гелек жетпіс «ыңғайсыз» жағдайға тап қылып, жүректерін ауыртты. 

Айнаға қараса, астапыралла, бұрынғы­дай емес. Шаш болса, анау селтиіп. Бояуын боятып-ақ отыр мөп-мөлдір ғып тұнық қоңырға. Сонда да басқа жарасып тұрғаны шамалы. Көздің алды көлкіген. Осы косметологтар да жаны ашымайды. Кеше ғана бетті түзеген сияқты еді, қыруар ақша алып, бүгін әжім басқан бет орнында қайта тұр. Бір Большая мама осы күйіктен марқұм болды. Екіншісі ауруханаға түсті. Үшіншісі «бақытты шақты» еске алып, ойланып отырған. Есік қоңырауы шылдырлады. Көршісіндегі жас келіншек екен.

– Әжей, үйде екенсіз ғой. Қандай жақсы болды. Сіз бір-екі күнде ешқайда кетіп қалмайсыз ба? – деп іші-бауырына кіріп барады. Өзі «Большая мама» рұқсат етпей-ақ, ішке бірден кіріп алды.

– Оның сізге не керегі бар еді? – деді дүңк етіп Большая мама, – әже деген қаратпа сөзді әзірейілдей көріп жақтырмай.

– Әжей, кешіріңіз, мені. Бейсенбіде аруақтарға құран оқытып, бата жасатуға ниеттеніп едім. Бұл жерде үлкен кісілер аз екен. Сіздерден басқа. Әкей құран оқи алса, құран оқып, аруақтарға бата жасап деген­дей, өтінішпен келіп едім, бейсенбі күні түсте, құдайы көршіміз ғой... – деп күмілжи тіл қатты келіншек.

– Қарағым, бізде не жұмысыңыз бар. Құ­ран оқытсаң, мешіттен шақырмайсың ба молдаларды? Біз құран оқу білмейміз...

– Мешіттен шақырдық, молдалар болады. Сіздер көршіміз болған соң, батаның арасында болсын деп едік... Үлкен кісілер болған соң... Қарсы есіктегі №19-пәтер ғой. Келіңіздер, күтеміз, рақ­мет, әжей, – деп келіншек шығып кетті. 

– Вот, дает, а?! «Әже» дейді. Құран оқитын жерге шақырып отыр. Ендігі қалғаны осы еді, маған. Ақ-қақ-қақ! Ақ-қақ-қақ! Ақ-қақ-қақ! Ақ ых! – деп Большая мама көз жасын көл қылып, жыласын келіп. – Мені кемпір қылғысы келеді. «Әже» дейді жап-жаман қылып, оңбаған, а?

 Большая мама содан тұрмай, қатты ауырып қалды. Большой Папа кемпірін жұбатты.

– Сен әлі жассың. 70-ке келді деп сені ешкім де айтпайды. Биік өкше туплиің бар ғой, соны ана импортный шляпаңмен киіп шықсаң, мүлде 40-тағы қыздар сияқтысың. Қазіргі жастар біртүрлі. Бәрі адамның көңіліне қарамайды. Кейбірі дінге беріліп кеткен милары ауысып. Шақыра берсін, бармаймыз, соған бола... Тек басыңды көтерші.

– Знаешь, құран оқитын кәрілер деп оскорбить етіп отыр емес пе? Оскорбляет меня и тябя... Да... да... такие оскорбительная слова не переношу... Я не старая... Нена­вижу, я старость. Ненавижу, – деп өкірді Большая мама. 

 Қан қысымы көтерілді. «Жедел жәр­дем» шақырылды. Дәрігерлер келді. Боль­шая мама ауырып қалу себебін өзін құ­дайыға шақырған келіншектің кесірі деп, келген дәрігерлерге барлық айтылған сөзді тәптіштеп жеткізді. Большая мамаға тыныштандыратын дәрі салынды. 

– Кәрілік деген неше түрлі болады, қызық, – деп күлді дәрігерлер шығып бара жатып бір-біріне.

– Біздің мамамда явно кәріліктің синдромы, – деп күлді баласы мен келіні келесі бөлмеде шәй ішіп отырып.

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ