Интернет-алаяқтармен күресудің жаңа әдісі іске қосылады

Қаржылық-интернет алаяқтармен жаңа әдіс арқылы күресуге мүмкіндік беретін заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Мәжіліс депутаттарының қарауындағы заң жобасында «қарыз алушы кредитін 90 күннен асатын мерзімге кешіктірсе, оған жаңа тұтынушылық несие берілмейді» деген норма қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында баспанасынан шығаруға тыйым салынбақ.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың дерегінше, банк омбудсменіне азаматтардың барлық (тек ипотекалық емес) несиесі бойынша дауларды шешуді міндеттеу ұсынылады.

"Бұл ретте оның шығарған шешімі банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар үшін міндетті болады", деді ол.

Оның айутынша, соңғы жылдары қаржылық алаяқтықпен байланысты қылмыстардың саны өскен. Соңғы 2 жылда банктерде 14,6 млрд теңгеге 7,8 мың жалған несие рәсімделген. Сондықтан алаяқтармен күресудің жаңа әдісі керек.

"Олардан қорғану үшін қазақстандықтарға несие алудан ерікті түрде бас тарту құқығы берілді. Енді азаматтар кредит алудан бас тартса, алайда оның атына несие рәсімделсе, ақшаны берген тарап қарызды есептен шығаруға міндетті болады",  деп түсіндірді Мәжілістегі Respublica партиясының төрағасы.