«Астананың» велоспортшылары коронавирусқа байланысты жарысқа қатыспайды – Александр Винокуров
«Астананың» велоспортшылары коронавирусқа байланысты жарысқа қатыспайды – Александр Винокуров
Фото: Интернеттен алынды
«Астана» велокомандасы әлемде коронавирустың таралуына байланысты алдағы 15 күнде өтетін жарыстарға қатысудан бас тартты, ­– деп хабарлайды Ұлттық Олимпиадалық комитеті. Комитеттің мәліметінше, команда мүшелері бүгіннен бастап 20 наурызға дейінгі турнирлерге қатыспайды. Команда менеджменті мен дәрігерлер бірлесе отырып осындай шешім қабылдаған.
«Бұл қадам арқылы велоспортшылар мен команда қызметкерлерінің денсаулығын сақтауды көздеп отырмыз. Коронавирустың әлем бойынша қарқын алғаны бізді алаңдатып отыр. Әрине, біз барлық жарысқа қатысуды көздегенбіз. Бірақ біз үшін спортшылардың денсаулығы маңызды. Алда өте маңызды ірі жарыстар тұр. Бұл – өте қиын шешім, дегенмен, спортшыларымызды қорғауымыз қажет», – дейді бас менеджер Александр Винокуров.
Коронавирусқа байланысты «Астана» командасы «Страде Бьянке», «Париж – Ницца» және «Тиррено – Адриатико» турнирлеріне қатыспайтын болды. Ұлттық Олимпиадалық комитеті спортшыларды коронавирустан сақтандыру үшін штаб құрған болатын.