Сайыстың мақсаты – жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау, патриоттық сезімін қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қала жастары арасында өткізілген сайысқа ЖОО және ТжКБ ұйымдарынан 33 команда қатысты. Әр топта 1 қыз бала, 1 ер бала өз шеберліктерін ортаға салды.
Сайыстың қорытындысы бойынша, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің студенттері Рахат Асылбекұлы пен Қалкөз Ұлты І орынға, Алпамыс Ибаділда, Сабина Қайратова ІІ орынға ие болса, ІІІ орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері Мақсат Сәйдік пен Айсұлу Әлімханова иемденді.
Ашық чемпионат RUH садақ ату клубында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Садақ ату клубының жетекшісі Ринат Есенбек сайыстың өтуіне қолдау көрсетті.
«Садақ атуға кішкентай кезімнен бері қызығамын. Бұл спорт түрі маған ерекше сезім сыйлайды. Болашақта кәсіби түрде айналысуды көздеп отырмын. Жарысқа қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Бүгінгі сайыста жеңіске жеткеніме қуаныштымын», – деді сайысқа қатысушы Р.Асылбекұлы.
Бердібек ҚАБАЙ