Кезінде қаланың балалар теміржолына дейін салынып, үлкен демалыс алаңы болған жерді қалпына келтіруге бюджет қоржынынан бірнеше миллиард та бөлінді. Қайта-қайта түзетілу енгізілген жоба бірнеше мәрте өз құнынан пәленбай миллиард теңгеге қымбаттап кеткен. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де қалың көпшіліктің шешімімен «Алаш арыстары» атанған алаңдағы жағдай сол жұпыны кейпінде қалып келеді…
Саябақты қалпына келтіру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 11 жыл бұрын сонау 2013 жылы-ақ басталған. Сол кездің өзінде алаңды қайта құру жобасы 1 миллиард 203 миллион 824 мың теңгені құраған. Бұл сомаға «Алаш арыстары» саябағына спорттық-тұрмыстық кешен ғимаратын, айналаны шолатын үлкен дөңгелек, басқа да сегіз балалар аттракционы, скейт-парк, скаладром, шығыс бағы, ескерткіш басқа да түрлі құрылыстар салынбақ болған.
Алайда іс жүзінде сиырқұйымшақтанып бөлінген миллиард теңгеден астам қаражат мердігер ұйымдардың «баға өсіп кетті» деген жаттанды желеуімен 2015 жылы қайта түзетуге енгізілді. Бұл жолы жоба қаржысының сомасына енгізілген сома 1 миллиард 672 миллион теңгені құрайтын болды. Жобаға саябақты көгалдандыру, көшеттер егу жұмыстары да кірді. Саябақты жаңаша түрлендіру үшін тіпті инвестициялық жоба ретінде жастар сарайы, аквапарк, этно ауыл, шағын футбол алаңдары, ту тұғыры бар мемориалдық алаң мен айналаны шолу дөңгелегін салу жоспарланған. Бірақ іс жүзінде баяғы жартас сол жартас күйінде қалып, миллиардтардың көзіне су құйған жоба сол таз қалпына қалды.
Содан 2018 жылы жергілікті атқарушы биліктің араласуымен саябақ жобасы қайта қаралды. Жобаның құрылымына тағы өзгерістер енгізіліп, қаржыға қайта түзету енгізілген соң жоба сомасы 905 миллион теңге болды. Жоба аясында стелла, жабық спорт залы, аквапарк, жастар сарайы, амфитеатр мен тоған салу қарастырылды. Алайда бұл жобаның да жүзеге асар түрі болмады. Құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі мен жоба құнының өскені негізге алынып, 2021 жылы саябақ жобасы қайта өзгертілді. Бұл жолы барлық қарастырылған инвестициялық жобалардың бәрі түгелдей алынып тасталды. Жылдар бойы сағызша созылып, әбден «сақалды құрылысқа» айналған саябақ қаланың 200 жылдығына орай пайдалануға берілмек болады. Бірақ күні бүгінге дейін миллиардтар бөлінген саябақ та тозған қалпы өзгермеген. Тіпті, осыған дейін жаңадан салынған қырлы тақтатастары үгітіліп сынып, қойылған демалыс аймақтарының сыны кетіп алаңдары жетімнің күйін кешкен.
Қала әкімдігі ендігі кезекте құрылыс жобасын сол күйі қалдырып, қалай болса да алаңды биыл пайдалануға беруге ниетті екенін жеткізді.
– Қазіргі уақытта «АДС–2001» ЖШС мердігер ұйымымен келісімшарт шеңберінде шаңғы-роллер трассасы, спорттық-тұрмыстық кешен ғимараты, қоғамдық әжетхана, сумен қамту сыртқы инженерлік желілері, кәріз, жылу, электр жабдықтары, жарық, телефондандыру, қоршау, көпфункционалды алаң орнату құрылысы бойынша жұмыстар орындалды. Халықтың демалысын айтарлықтай жағымды етуге жағдай туғызу, түрлі жан-жақты мәдени-ағарту және спорттық-сауықтыру жұмыстарын өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу туралы шешім қабылданды. Түзетуді орындайтын жобалық ұйыммен революция күрескерлері саябағына «Алаш арыстары» атауын беру ұсынылды. Сондай-ақ «Алаш орда тұлғаларына арналған монумент орнату, қосымша саябаққа кіру орнын әзірлеу, дәмханалар мен ашық аспан астындағы театр салу қарастырылды. Жобаны осы 2024 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов.
Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, бүгінде нысанда жұмыстар уақытша тоқтатылып, жоба қайтадан кезекті түзетуге енгізілген. Қайта есептелген жобаның құны тағы 2 миллиард теңгеге қымбаттағаны белгілі болды.
– Көкшетау қаласы әкімімен өткен жиында түзетуге енгізілген жоба үлкен сомаға қымбаттап кетуіне байланысты барынша минималды шығынмен нысанды аяқтауға шешім қабылданды. Жолдарда ешқандай өсімдіктер болмағандықтан жасыл желек егу жоспарланды. Біз зерттеу жүргізіп, біздің қолымызда бар бірнеше өсімдікті егуді ұсындық. Сонымен қатар осыған дейін қойылған ескерткішті алып тастап, оның орнына «Алаш орда» монументін орнату жоспарланды. Қазіргі уақытта оның бәрі есептеліп жатыр, – деп толықтырды Дәулет Жүнісов.
Бүгінге дейін саябақты қайта құруға шамамен 800 миллион теңге көлемінде жұмсалып үлгерген. Қала әкімдігі жұмыс көлемінің бірнеше мәрте тексерілгенін алға тартты. Дегенмен құрылыс жұмыстары көз алдында өтіп жатқан қала жұртшылығы саябақтағы жұмыстардың айтылған сомамен сәйкес келетініне сенбейді. Тіпті, сын садағына алып жатқандардың қарасы көп.
Мәселен, республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы саябақ құрылысына Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тексеріс өткізуін өтініп жүгінген. Оған төмендегідей жауап та алыпты.
– Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 1-тармағына сәйкес, нақты фактілер мен жағдайлар бойынша бақылау және қадағалау органымен тағайындалатын тексеріс мемлекеттің, заңды және жеке тұлғалардың заңды мүдделеріне, қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына тікелей төнген қауіптің алдын алу және жою мақсатында нақты тексерілетін субъектіге қатысты тексеріс тағайындауға негіз болған жоспардан тыс тексеріс болып табылады. Дегенмен Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес растау дәлелдері мен көз жеткізерлік негіздемелер болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнама талаптары бұзылуы бойынша заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бар. Алайда сіздің өтініште тексеріс өткізу қажет субъекті туралы мәлімет нысанда сізбен көрсетілген бұзушылықтар туралы нақты фактілер жоқ. Осыған байланысты сіздің өтінішіңіз бойынша тексеріс тағайындау және өткізу мүмкін болмай отыр, – деп жазылған жауапта.
«Әділдік жолы» бұл жауаппен қанағаттанбай, тағы өтініш жолдары анық. Сонымен, саябақ жөнінде өткен жиынға келсек, «Алаш арыстары» саябағы одан әрі бәсекелі ортаға тапсырылып, жобаны соңына дейін аяқтау көзделіпті. Ол үшін саябақта бизнеске арналған алаң қарастырылмақ.
Бұған кеңес мүшелері тағы өз келіспеушіліктерін білдірді.
– Біз саябақтан жасыл желекті алып тастадық. Енді оны қайта отырғызамыз ба? Сонда оның өсіп шығуы үшін тағы қанша уақыт қажет болмақ, – деді наразылықтарын білдірген кеңес мүшелері.
Дегенмен қала әкімінің орынбасары қазіргі саябақта ешқандай да егілген желек болмағанын айтады. Оның сөзінше, революция күрескерлері болған парк – нормативтерге сәйкес, Көкшетаудағы жалғыз парк. Өйткені тек өлшемі 10 гектар аумақтан артық ауданды алып жатқан жер ғана саябақ ретінде саналады. Ал бұл саябақтың үлкендігі 24 гектардан асып жығылады.
– Біз қыс бойы жобаны анықтап, қалай болса да осы жылы саябақты қайта құруды аяқтауды жоспарладық. Одан әрі бізді халық та кешірмейді, – деді Дәулет Жүнісов.
Әкімдіктің жүргізген есебі бойынша жобаны қайта құруға шамамен тағы 200-300 миллион теңге қажет. Бірақ жиылғандар бұл соманың да жетпей қала ма деген күдіктерін айтып қалды. Дегенмен «Алаш арыстары» саябағын қаланың мерейтойлы жылына тапсыру жоспарға алынды. Ал ол іс жүзінде жүзеге аса ма, жоқ па – оған уақыт төреші болмақ…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы