Түрлі-түрлі подкаст бар

Қазір медиаиндустрияның дамығаны сонша, кез келген адам жүрген жерде құлаққап тағып, аудиокітап не подкаст тыңдай алады.

Біз айтып отырған подкаст қазір медианарықта кең етек жайып, екінің бірі жасай алатын медиаөнімге айналған. Тақырып еркіндігінің бар екенін ескерсек, өзінің тұрақты аудиториясын жинап үлгерген қазіргі заманның ақпараттық өнімі туралы айтпасқа болмас. 

Мотивация, кітап, қоғамдағы түрлі мә­селені қозғайтын подкастардың ерекшелігі – тақырыптың алуан түрлілігінде. Бұл әртүрлілік көптеген көзқарас пен пікір алмасуға мүмкіндік береді. Әлемде кең тараған бұл саланың елімізде де қанат жаюы ақпараттық технологияны дұрыс жағынан пайдаланып жатқан жастардың көптігін білдірсе керек. Подкаст жасаған­ның бәрі подкастер емес. Қазақстандағы алғашқы подкастинг орталығының иесі Елдар Құдайбергенов «подкастер» деген арнайы маман болу керек дегенді алға тартты. Кез келген адам жасай алатын подкастың да талабы бар. Ол – подкаст жасаудың техно­логияларын меңгеру. 

«ҮouTube-та RSS арнасы көрсетілсе, демек ол – подкаст. Оның ішінде монолог та, әңгіме де, талқы да, музыка да болуы мүмкін. Подкаст – жанр емес. Таралу жо­лына ғана осылай аталған. Кез келген адам қолында бар құралдарымен подкаст жасай алады. «Подкастинг – тәуелсіз технология, шексіз контент» деп аталатын авторлық кітабымда бұл туралы айтып өттім. Соңғы уақытта Қазақстанда подкаст деп аталатын дүниелер көбейді, яғни жоғарыда айтқан RSS арнасы бұларда жоқ. Кейбірі бірнеше эпизодтан кейін тоқтап, ұмыт бола бастай­ды. Сондықтан подкаст жасағысы келетін­дер алдымен оны зерттеп келсе екен дей­мін. Өзім подкастың шығу тарихын 2000 жыл деп белгілеймін. Подкаст – ойлауы­ңызға толығымен шексіздік береді. Менің зерттеуім бойынша, қазір телеарнадағы контенттер де подкаст бола алады. Батыста подкаст продюсері, редакторы, дыбыс ре­жиссері сияқты мамандар бар, бірақ түсін­генім басқа медиа саласының мамандары аталған мамандықпен жұмыс істей алады. Дегенмен «подкастер» деген арнайы ма­ман­дық болуы керек. Маркетингіне, PR-ына аса мән беретін ұйымдар немесе жеке тұл­ғалар келешекте подкаст жасаумен ғана айналысатын адамды іздейтін болады деп айтар едім. Кең таралған подкастар ме­дианарықты жаулап жатыр деген ойдан аулақ болу керек, керісінше әр медиа саласы бірін бірі толықтырып отырады», – деді эксперт.  

Бүгінге дейін подкастарға статистика­лық жұмыстар жүргізілмесе де, аудитория­ның негізгі бөлігін жастар құрап отыр. Себебі рухани, интеллектуалды дамуға талпынып, бизнестің қыры мен сырын ұққысы келетіндер – әрине, жастар. Солар­дың бірі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Дамира Марқабаева өмірдің құндылықтарын айқындауға кө­мек­тесетін подкаст тыңдайтынын жеткізді. Айтуынша, кітап оқығанмен бірдей под­каст­ардан түйгені көп, тыңдағанын тә­жірибе жүзінде жиі пайдаланады. 

– Подкаст тыңдасам жаным тыныш­талады. Өзіме қажеттің бәрін табамын. Тек бір спикерді тыңдауым керек деген қатып қағида жоқ менде. Өзімнің ситуациялық жағдайыма байланысты тыңдайтын кездер де болады. Соңғы уақытта Ескендір Бестай, Санжар Керімбек, Өркен Кенжебектің айтқандарын тыңдап жүрмін. Өйткені олар айтарын зерттеп, ойын саралап жеткізеді. Білім, саяхат, психологиялық жағдайлар және мнемоника туралы тақырыптарды жиі қозғайды. Бұл маған өте қызық. Ал Narikbi мен Kitapal подкаст арналарының тұрақты тыңдарманымын. Ойымша, подкаст деген ұғым жастардың арасында кең танымал сияқты, жастар арасындағы ең өзекті деген тақырыптар көтерілетіні рас қой. Былайша айтқанда, сіз подкастан болашаққа қойған жоспарыңызға кеңес ала аласыз, – дейді Д.Марқабаева.   

Подкаст жасау – қазіргі заман талабы­ның бірі деп қараса, енді бірі бұл – бір адамның жеке қызығушылығынан жаса­латын хобби. Дамираның айтқанымен келіс­сек, мұндай подкастар «ақылы» кеңес­терден әлдеқайда артық сияқты.

Цифрлық технологияның қарыштап дамыған заманында ноутбук пен микрофон ұстағандар әлеуметтік желіде орнын тауып, өзін подкасшы ретінде таныстыра алады. Бұл туралы Әйнел Әмірхан арнайы оқудың керегі жоқ, айтар пікірдің болғаны жет­кілікті екенін айтты. 

«Қазақстанда подкастың дамуын бір­неше кезеңге бөліп қарастырамыз, қарқын­ды подкаст саласына келіп жатқандар қатары 2007 жылдан басталды. Оның ішінде медиа менеджер Ержан Еркінбайды, Бақытгүл Салықованы айтсақ болады. Олар аудиохабарламаларды дамыту бойынша көп жұмыс бастап көрді. Өткен жылдың соңында Бақытгүл Салықовамен бірге «Атың шықпаса, подкаст жаса» деген кітап басып шығардық. Кітапта Қазақстандағы подкастардың категориясын көрсетуге тырыстық. «Нағыз емес подкастар» деген бөліміне жұмысын білмей бастаған, тек YouTube арнада лекция форматында жүріп отырған аудиоларды жинақтадық. Өйткені қазір нағыз емес подкастерлер бар. Олардың «нағыз» болуына бір-ақ нәрсе керек. Ол – RSS технологияларын қолдану» – дейді Oy-Detox подкастының авторы Ә. Әмірхан. 

Жыл сайын жаңа мамандықтардың пайда болып жатқанын көріп жүрміз. Жаңа заман талабына сай маман атану – табысқа жеткізетін жол. Қазақ жастарының керуені әлем көшіне ілесіп, заманауи технология­ларды тез игеруі – болашағы мықты ел екені­міздің көрінісі. Әйтеуір, ертең алған білім мен тәжірибемізді игі істер үшін пайдалан­сақ болғаны. Подкаст арқылы жеткізіп отырған бірінің кеңесіне бірі құлақ түрсе, бұл саланың да келешегі зор болмақ.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ