Жылда «түгенше» деген тендерді ұтып алған «бәленше» деген мердігерді жауапқа тарттық» деген ақпараттан көз сүрінеді. Құзырлы органдар құрықтап жатырмыз дегенімен олардың азаятын түрі жоқ. Жауапсыз мердігерді бір жазалағаннан кейін ертеңіне қайта тендер жеңімпазы болып жататынына не дерсің?
Былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы қос мектептің күрделі жөндеу жұмысын мердігер межелі уақыттан кешіктіріп, соңы айқай-шуға ұласқанын ел жақсы біледі. Тендер жеңімпазы болған «ЕрК Астана» ЖШС-ны тапсырыс берушілер сотқа да берген еді.
«2022 жылы Құлан мектеп-гимназиясы мен №2 шағын орталықты орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін «ЕрК Астана» ЖШС-мен «Құрылыспен байланысты емес жұмысты мемлекеттік сатып алу туралы» шарт жасастық. Мердігер жұмысты жоспарлы уақытынан кешіктіргені үшін облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «ЕрК Астана» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және серіктестіктен тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арыз жолдадық. 11 қаңтарда екіжақты бітімгершілікке шақырды, одан бас тарттық», – дейді Т.Рысқұлов аудандық Білім бөлімінің басшысы Майра Базарова.
Бұдан бұрын да аталған серіктестік бір ауылды округте жол жөндеу жобасын жүргізу кезінде осындай жауапсыздық танытқан, ол уақытта тығырықтан шығатын жол тапқан. Енді «ЕрК Астана» ЖШС Жуалы ауданы Қайрат ауылындағы Мәдениет үйінің де құрылысын созып отыр. Жалпы, 2022 жылдың 13 шілдесінде құрылысы басталған нысан жоспар бойынша былтырдың 13 наурызында пайдалануға берілуі керек еді. 2 200 тұрғыны бар Қайрат ауылында бұған дейін Мәдениет үйі болмағандықтан бұқараның құрылыс басталғанда қуанышында шек болмаған.
«Қайрат ауылындағы 149 орындық Мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмысын алғашқыда мердігер «ЕрК Астана» ЖШС жүргізіп бастады. Құрылыс жұмысы былтыр 13 наурызында аяқталуы тиіс еді. 26 желтоқсанда нысан құрылысында кемшіліктер болуы бойынша №10-700 хабарлама Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Басқарма биыл 30 қаңтарда нысанда кемшіліктер бойынша тексеріс жүргізіп, айыппұл салу хаттамасымен мердігерді құрылыс жұмысын орындау лицензиясынан айырды.
Тапсырыс беруші тарапынан келісімшартты мәжбүрлеп аяқтауды міндеттеуге байланысты сотқа талап арыз беріліп, келісімшарт бұзылды. Былтыр 6 қарашада Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына аванс төлемін қайтару бойынша талап арыз берілді. 14 қарашада мердігердің бюджетке авансты қайтаруы туралы №3115-23-00-2/2667 нөмірлі сот ұйғарымы шықты. Қазір Мәдениет үйі нысанының екінші мердігері – Bek stroy 2010 ЖШС, құрылыс жұмысын 2024 жылдың наурыз айында аяқтау көзделіп отыр», – дейді Жуалы аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев.
Осылайша, жауапсыз мердігердің кесірінен жоба жоспардан кешігіп, бірінің бастаған ісін басқасы аяқтауға тура келіп отыр. Сонда былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы мектеп құрылысының сапасыз жүргізілгенін көре тұра, «ЕрК Астана» серіктестігіне шенділер қалай сенім білдірді? Облыста құрылыс жүргізетін басқа мердігер жоқ па? Осы жағы құзырлы органдар тарапынан жіті тексерісті қажет етеді.
Облыс әкімдігіндегі мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың айтуынша, былтыр «ЕрК Астана» ЖШС-нан бөлек, «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС да лицензиясынан айырылған. Бұл мердігер Талас ауданы Қаратау қаласындағы №3 шағынауданында орналасқан №6 жатақхананың сыртқы инженерлік-коммуникациялық жүйелерін қайта жаңғырту жұмысын алып, құрылысты сапасыз орындаған. Нәтижесінде, мердігер лицензиясынан айырылып, оған сот шешімімен 1 380 000 теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Сапасыз құрылыс жүргізгендіктен мердігер компанияны сотқа бердік. Осындай жауапсыз серіктестіктің кесірінен нәтижесінде құрылыс жұмысы жоспардан кешікті. Енді нысанды алдағы көктемде бітіріп, пайдалануға береміз деп отырмыз. Қазір құрылыс жұмысы 99 пайызға аяқталды. Жобаны өз міндетіне алған Мердігер сапасыз жасаған тұсын қайта ретке келтіріп жатыр. Жалпы, тұрғын үйге 323 миллион теңге бөлінді. Ал сыртқы инженерлік инфрақұрылымға 45 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде қаражаттың 90 пайызы берілді. Сыртқы инженерлік желілері бітпей, біз пәтерлердің суын, электр қуаты, газ желілерін тексере алмай отырмыз», – дейді аудан әкімдігі Құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев.
Қалай дегенде де, сенімге селкеу түсірген серіктестіктерге қайта тендерге қатысуға мүмкіндік берген дұрыс емес. Ал бір емес бірнеше нысандағы құрылысты жауапсыз жүргізген мердігерлерді мемлекеттік сатып алу конкурсына мүлде жолатпаған жөн. Себебі онда халықтың ортақ қазынасынан қаралған қаржы мен адамдардың тағдыры жатыр. Осыны биік мінбердегі шенділер жіті түсініп, жауапсыз мердігердерді қорғағанша, қатаң жазасын берсе дейміз. Сонда ғана тәртіп орнайды.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы