Жаңадан тағайындалған қала әкімнің барлығы бірден осы мәселеге назар аударып, сенбі-жексенбіні айтпағанда, былайғы күндері де тазалықсыз сауданы жөнге салмақ болғандарымен, шамалары келмей-ақ қойды. Бұл мәселе 2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорғанға қайта оралғанда күрделі күйде еді. Кезінде Алматы қаласын басқарып тұрғанында «Базарком» деген атқа ие болған Шалбай Құлмахановтың өзі облысты басқарған жылдары Талдықорғандағы базарлар жұмысын тәртіпке сала алмады. Базарды қаланың сыртына көшірмек ниетпен, күзде өтетін ауылшаруашылығы өнімдерінің сенбілік жәрмеңкесін облыс орталығының шетіндегі «АКЛ» атты ашық-жабық сауда қатарлары орналасқан жерге ауыстырып еді. Онысы халық арасында наразылық тудырып, «Әкімдіктің концлагері» деген жанама атауға ие болып, бірер айдан соң жұмысын тоқтатқан.
Облыс орталығындағы Орталық базар маңындағы көшелерді «Шанхайға» айналдырып жіберген саудагерлер проблемасы содан бері әлі күйіп тұр. Түн жамылып, дүңгіршектерді де бұзды, сөрелерді қиратып тастады, полициямен аралап, айыппұлдар да салды. Алайда осы көше саудасымен бала-шағасын асырап отырғандар айылдарын да жиған жоқ. «Көшеге шығамыз, жолды жабамыз» деп шулап, әкімдікке барып, айғайлап жүріп биліктің екпінін басады әйтеуір.
Қала тізгінін ұстағанына жарты жылдан енді асқан Ернат Бәзілдің де алғашқы қарқыны қатты еді. Қазір үні шығыңқырамай қалды. Көшелерді өзі аралап, саудагерлермен жолығып, барлығына бала-шағасын асырайтын жұмыс тауып беруге, сауданы жалғастырғысы келгендерге жайлы әрі жылы орын қарастыруға уәде еткенімен, көшелердегі жабайы сауда қатары селдіреген жоқ, былайғы күндердің өзінде екі адам қатар жүре алмайтындай жағдайда. Адамдар не алып, не ішіп-жеп отырғандарын білмейді. Бағада да бақылау жоқ, ашық-шашық саудаланып жатқан азық-түлік өнімдерінің қайдан шыққанын, қашан әкелінгенін, сақтау мерзімін, экологиялық қауіпсіздігін білу мүмкін емес. Бақылауы бар көк базардың жабық павильонына жеткенше жаныңды қоймайтын сатармандардан қалай сауда жасағаныңды білмей, үйге қайтасың. Ал күнделікті орындарына тиісті ақысын төлеп, тауарларын қажетті тексерістерден өткізіп, талапқа сай сауда жасап тұрған заңды базардың ішіндегілердің саудасы жүрмей қалады. Сондықтан олардың да жанайқайын түсінуге тырысқан жөн.
Жалпы, талдықорғандық тұрғындардың халыққа да, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де қолайлы болатын базар қажет деген талабын тыңдап, орындауға тырысқан облыс әкімнің бірі әрі бірегейі – Серік Үмбетов. 2008 жылы Серік Әбікенұлының тапсырмасымен қазынадан қыруар қаржы бөлініп, қаланың шағынаудандары шоғырланған аумағынан коммуналдық базар ашылды. Атауы айтып тұрғандай, мемлекет ақшасына тұрғызылған базардың басты мақсаты – жетісулық шаруалардың өз қолымен өсірген, өндірген азық-түлік өнімдерін қалалықтарға емін-еркін саудалауына мүмкіндік беру. Алғашында солай болғаны да рас. Жаздың ыстығынан, қыстың суығынан қорғайтын, барлық керек-жарағы орнатылған, астындағы жертөлесінде тез бұзылатын азық-түліктерді сақтайтын салқындатқыш, мұздатқыш жабдықтарға дейін қойылған заманауи жабық павильоны мен жәрмеңкелер өткізуге қолайлы етіп орналастырылған шатырлы сауда қатарлары сап тізген ашық алаңқайы бар әмбебап базар халыққа көп қызмет етпеді. Араға азғана уақыт салып барып, мемлекеттен қарастырылған қомақты қаржыға күрделі жөндеуден өтті де, сонан кейін меншікке беріліп кетті. Қазір жабық павильонында «Смолл» сауда желісіне қарасты үлкен дүкен болса, ашық сауда алаңында тек сенбіде жәрмеңке өтеді. Коммуналдық базар жекеге өтіп кеткелі оны қалаға қайтару, халыққа қызмет ететін қылуға қатысты жиі-жиі мәселе көтерілгенімен, әлі күнге шешілген жоқ және базардың қалайша жекеге кеткені, мемлекеттің ақшасы қайтқан-қайтпағаны туралы егжей-тегжейлі жауап та қайтарылған жоқ. Ал қалалықтар болса, керек-жарағын, азық-түлігін көшелердегі жабайы жайма базарлардан түгендеп жүр.
Өткен аптада облыс орталығында азаматтық белсенділер, сауда үйлерінің иелері мен сауда-саттықпен бала-шағасын асырап отырғандар журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Олар жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына бірнеше талабы бар екенін жариялады.
Кәсіпкерлер атынан сөз алған «Әлдибек» сауда үйінің қожайыны Санжар Ержұманов қала әкімі отставкаға кетуі қажет деп есептейтіндерін мәлімдеді. Былтыр жазда бизнесті тексеруге мораторий күшінде екеніне қарамастан «Әлдибек» сауда үйінің қызметіне тексеру жүргіздірткен жаңа әкімнің ісіне наразылығын білдірген кәсіпкер сауда үйі орналасқан жер мен оның айналасындағы аумақ баяғыдан өзінің жекеменшігі екенін, соған қарамастан қалаға әкім болғандардың барлығы осы жерге көз алартып, соттасатынын, осымен он төртінші сотта жеңіске жеткенін ашына баяндады. Сонан соң қала әкімі жүргізушісінің жалған мемлекеттік нөмірмен ұсталғанына байланысты әкімнің неге жазаға тартылмағанына түсінбейтінін ортаға салды. Бұрын орындалып кеткен жұмыс үшін қалалық бюджеттен қосымша тағы 160 млн теңгенің қарастырылғанына қатысты прокуратура анықтаған жемқорлық деректің де мұқият тексерілуі қажетінн еске салды.
Осы жағдайға қатысты облыстық прокуратура таратқан мәліметте: «Жетісу облысында прокурорлар 160 млн теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың жолын кесті. Талдықорған қаласының әкімдігі аулаларды абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға басқа нысандардың құрылысы кезінде жеке құрылысшылармен орындалып кеткен инженерлік желілер (жылу және кәріз желілері) тарту бойыншы шығындарды қосып жібергені анықталды. Қадағалау актісі бойынша аталған жұмыс пен соманы алып тастау арқылы жобалық құжаттарға түзетулер енгізу жөнінде шаралар қабылданды» деп жазылған. Соған қарағанда, былтыр қара күзде қолға алынып, қар жауғанда қазылып, ақыры аяқсыз қалған, қазір ойран-ботқасы шығып жатқан аулаларды абаттандырудың ақшасына қатысты былық-шылық көп сияқты.
– Қалаға жаңа әкім келсе болды, басқа шаруалары жоқтай, сауда саласында жүргендерді сансыратады. Бізбен алысқанша, адыра қалған аялдамаларды, қурап кеткен жасыл желекті, аңғал-саңғал аулаларды неге жөндемейді. Сауданы еріккен адам істемейді. Барлығымыз бала-шағамызды асыраудың, қатарларынан қалдырмаудың амалымен тентіреп жүрміз. Әкімдікке барып, көмек сұрамаймыз. Өз қотырымызды өзіміз қасимыз. Бірнеше әкім қолайлы, бағасы қалта көтеретін базар салып береміз, жағдайларыңды жасаймыз деді. Біреуі уәдесін орындаған жоқ. Бардың өзін ұқсатпай отырып, өз күнін өздері көріп отырғандарды әурелейді, – деген кәсіпкер Мария Афанасьеваны қолдаған Ауған соғысының мүгедегі Мырзағали Даулетияров та оның сөзіне қосылып, әкімдер шамасы жететіндерді ғана мазалап, әуреге салғанша саудагерлерге де, тұрғындарға да тиімді болатын базар ашып берсін дейді.
Қашанда ашығын айтып, елдің жоғын түгендеп жүретін азаматтық белсенді Нұрлан Айшымбаев қаладағы базарларға қатысты мәселені шешудің бірден-бір жолы коммуналдық базарды қаланың қарауына қайтару деп есептейді.
«Коммуналдық базар кезінде қарапайым қалалықтардың қажетін өтеу үшін бюджеттің ақшасына салынған. Алайда халық үшін тұрғызылған нысан жекеменшікке өтіп кетті. Базар тек сенбі күні ғана жұмыс істейді және сол күні түсетін қаржы жеке қалтаға кетеді. Жетісулық фермерлер өздері өсірген, өндірген өнімдерді қайда барып саудалауды білмейді. Сондықтан мал бағып, бақша өсіруге бұрынғыдай құлшынбайды», – дейді Нұрлан Айшымбаев.
Жетісу облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Коммуналдық базар 2022 жылы қала бюджетіне 3 473 027 теңге, 2023 жылы 4 626 759 теңге салық төлепті. Бірақ қаладағы мемлекет мүлкіне, сауда саласына жауапты мекемелердің ешқайсысы бюджеттің қаражатына салынған нарықтық нысанның қала экономикасына неге пайда әкелмей отырғанын, қалалықтарды жұмыспен қамтуға неге үлес қоспайтынын түсіндіре алмады.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы