Сыр өңірінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылады

Биылдан бастап Сыр өңіріндегі барлық елді мекенде клубтар мен мәдениет үйлері жанынан «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатын болады. Бұл жайында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте жария етті.

Жаңадан ашылатын орталықтар жас ұрпақты отаншылдыққа,  адами құндылықтарға баулитын үйірмелермен қамтылмақшы. Осы арқылы өскелең ұрпақтың білімді, қабілетті азамат болып қалыптасуына негіз қалайтын болады.

«Күні кеше республикалық телеарналардан Сырдария ауданының 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаевтың жасанды интеллектті алғаш болып қазақша сөйлеткені туралы ақпарат жарияланды. Ауыл баласының ұшы-қиыры жоқ ғаламтор кеңістігіне жаңашылдық әкелгені көпті таңғалдырды. Мектепті биыл тәмамдайтын жас технократқа қазірдің өзінде еліміздегі 3 жоғары оқу орны қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, Астана ІТ университеті, СеулТех университетінің Қызылорда қаласындағы филиалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті грант ұсынуда. Бүгінгідей мүмкіндіктер дәуірінде біздің жеткіншектеріміздің жарқырай көрінетініне,  биіктерге ұмтылатынына бәріміз сенім артамыз, қолдау көрсетеміз. Барлық бала Асылжандай жас өнертапқышқа, Қызылорда қаласында құдыққа түскен екі жасар сәбиді құтқарып қалған Арман Аманжоловтай патриот ұлдарымызға қарап, бой түзеуі керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде жасөспірімдер қылмысы ойлантарлық жағдайға жетті. Соған орай оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алу мен оны болдырмауға қатысты шараларды жедел қолға алу қажеттігі өздігінен сұранып тұр. Аймақ басшысы бұл мәселеге бейжай қарамай, тиісті жұмыстарды жандандыруды талап етті. Бұл тұрғыда облыс аумағында ашылатын арнайы орталықтардың ықпалы зор болатынына сенім зор.

Шынында да, білім ошақтарындағы қылмыстық психологияның белең алуы, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс түрлерінің көбеюі жайбарақаттылықты көтермейді. Сондықтан да бұл мәселе кеңейтілген мәжілісте сала мамандары мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен талқы таразысына түсіп, нақты шешімдер қабылданатын болды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы