Мәжіліс әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң жобасын жұмысқа алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжіліс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасы және «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» іліспе заң жобасын жұмысқа алды.
Заң жобасының негізгі мәнін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтып берді. Оның айтуынша, бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген.
– Жоба Мемлекет басшысының отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына толығымен сәйкес келеді, – деп атап өтті ол.
Заң жобасында мынадай нормалар бар:
- ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді, қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және жазасын әлдеқайда қатаңдату;
- жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру;
- отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру;
- педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру;
- суицидты насихаттағаны немесе суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
- балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды.