Түркістан облысында ауызсу мәселесі шешімін таппай отыр

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Ұласбек Сәдібеков Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Депутат Түркістан облысы Сайрам және Төлеби ауданындағы ауызсу мәселесін көтерді. 

Біріншіден, Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы   еліміздегі ең үлкен ауылдық округтердің бірі. Бүгінде онда 60 мыңнан астам тұрғын бар, мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ  Қарабұлақ ауылы   елімізді етпен қамтамасыз етіп отырған елді мекеннің бірі. Мұнда жылына 36 000 мың тонна ет ел аумағындағы сауда орындарына жіберілсе, 3 000 мың тоннадан астам ет экспортталады. Ауылдың инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып келеді.

Дегенмен ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Бұл мәселеге қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайын, мемлекеттік сараптамадан да өткізілген. 

Ендігі жерде жобаға сәйкес жұмысты атқару үшін қазынадан 9 млрд 350 млн теңге қаражат қажет. Оған жергілікті бюджеттің шамасы жетпейді. Сондықтан ауыл халқы бар үмітін Астанаға артып отыр. 

Екінші мәселе, Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен бастау алатын топтастырылған су құбыры арқылы 12 елді мекеннің тұрғындары ауызсуды пайдаланады.

Негізгі су көзі ретінде, дебеті секундына 4,0 текше метрді құрайтын Балдыберек өзені алынған. Аталған ашық су көзінен тұрғындардың ауызсуды тұтынып келе жатқанына 8 жылдың жүзі болды. 

Жылдың көктем немесе күз айларында ауа райының жауын-шашынды болуынан өзен суы лайланып, судың сапасы төмендеп кетеді. Бұл өз кезегінде тұрғындар тарапынан әлеуметтік наразылықтар тудыруда. 

Осы мәселені шешу үшін елді мекеннің айналасындағы барлық су көздері зерттеліп, қорытындысымен Балдыберек өзенінен бастау алатын жердегі «Бақырауық» деген бұлақтың дебеті жеткілікті екені анықталды. Аталған бұлақ мемлекеттік табиғи «Ақсу Жабағылы» қорығының аумағынан өтетін өзеннің бойында орналасқан. Төңкеріс елді мекеніндегі су жинағыш резервуарға дейін 5,6 шақырым су құбырын тартатын болсақ, 26 мыңға жуық халықтың ауызсуға деген тапшылығын толығымен шешуге болады.

Бұл жұмыстарды нақты іске асыру үшін: бірінші кезекте «Ақсу Жабағылы» қорығы аумағынан және «Сайрам Өгем» ұлттық табиғи паркіне қарасты жерлерден құбыр тарту үшін рұқсат қажет. Бұл бағытта 2021 жылы Түркістан облысының әкімдігі тарапынан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне арнайы хат та жазылған. Дегенмен мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. 

Егер салалық министрліктен рұқсат құжаты берілетін болса, аудандағы су жүйесін реттеуші мекеме қорық жеріндегі табиғатқа ешқандай зиян келтірілмей, құрылыс матералдарын техникасыз, қол күшімен тасымалдап жұмыс істеуге дайын.  

Аталған мәселені назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын. Егер де екі жоба  жүзеге асса, өңірдегі 100 000-ға жуық халықты таза ауызсумен қамтуға толық мүмкіндік туады.