Жедел жәрдем қызметкерлері өздерінің құқықтары қорғалмайтынын, қызмет барысында қауіпсіздіктері қамтамасыз етілмейтінін айтып, петиция жариялады.
Петиция alash.online порталында жарияланды.
«Менің жедел жәрдем қызметкері ретіндегі жанайқайым. Мен 10 жыл тәжірибесі бар жедел жәрдем көлігінің жүргізушісімін. Құқығымыз қорғалмай, қауіпсіздігімізге кепілдік берілмейтіндіктен, мен де шаршадым. Жедел жәрдем қызметкерлерінің проблемалары туралы айтқым келіп отыр.
Бір жағынан қоғам бізден көмек күтіп, тез келуімізді талап етеді. Екінші жағынан бізді құрметтемейді, жұмыс істеуімізге кедергі келтіреді.
Бізді аулаға кіргізбейді, жол бермейді, кейбіреулер ұрып тастауы да мүмкін. Адамдар жедел жәрдем көлігін ұрып, тебеді.
Бұдан басқа, жедел жәрдем дәрігерлерін шақырған пәтерлерде ұрып-соғады. Дәрігерлер мен медицина мамандарын сыйламау олардың медицинадан жиі кетіне себеп болып жатыр. Жедел жәрдем қызметкерлерінің өмірі қорғалмағанын мойындау керек.
Мұғалім, полицей және әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі бар. Бізді де өзін ұстай алмайтын адамдардан қорғап, мәртебе беретін уақыт жетті. Медицина қызметкерлеріне қол көтеру жағдайын полицияға қол көтерумен теңестіру керек. Жедел жәрдем көлігін теуіп, зақымдаса айыппұл салу керек. Жедел жәрдем көлігі жүргізушісін ұрғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айыру керек. Дәрігерге қол көтерсе, ең аз дегенде 3-5 жылға соттау керек.
Бұл – өте маңызды, біреудің өмірін сақтау мәселесі. Жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын науқастарға бара жатқанда әрбір минут бағалы, әсіресе инфаркт және инсульт алған кезде.
Біз жедел жәрдем қызметкерлері жол беріп, өткізіп жіберуді, егер медициналық көлік аулада тұрса, түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Біз жедел жәрдем қызметкерлері өзімізді қауіпсіз сезінгіміз келеді. Жедел жәрдем елімізге керек деп есептейміз!», – деп жазған көптің атынан Арғын Смаилов есімді азамат.