"Қару асынған адамдар күтіп алды": Мьянмада құлдықта болған қазақстандық басынан өткен оқиғасын баяндады

Жас жігіт құлдықта басынан кешкен қиындықтарын, қамаудан қалай қашып шығып, елге оралғанын айтып берді.

Былтыр екі қазақ жігіті шетелде еңбек етеміз деп Мьянмада тұтқынның күйін кешті. Солардың бірі – 24 жастағы Жарас Сейіткәрім. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат беріп, құлдықта басынан кешкен қиындықтарын, қамаудан қалай қашып шығып, елге оралғанын айтып берді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
 
Жарас Сейіткәрім қытай тілін Кытайдың Нанкин каласында жоғары білім алып жүргенде үйренген. Қазақстанға оралып, кәсібін ашып, ата-анасына қолғанат болған жігіт Дубайға аттанады. Мақсаты – табыс табу. Сол жерде Исламбек атты жерлесімен танысады.
 
"Исламбек екеуміз жұмысты әлеуметтік желі арқылы таптық. Сөйтіп, таныс қытайлықпен сөйлесеміз. Ол бізге жақсы бір ұсыныс барын айтып, "аудармашы боласыңдар, жалақысы 2 500 доллардан жоғары болады. Егер жақсы аударсаңдар одан да көп аласыңдар. Дубайда ақша жоқ, Таиландқа келіңдер. Жол-пұл, жатын орындарыңның бәрін төлеп береді" деп шақырды. Сөйтіп, біз келісіп, төлқұжатымызды бердік. Telegram арқылы бастығымен сөйлестік. Бірақ артық ауыз сөз, ақпарат еш нәрсе айтпады", дейді Жарас Сейіткәрім.
 
Таиландтық басшы жігіттерге жатын орындарының фотосын жіберіп, таныстырады. Билет алынады, жігіттер жолға шығады.
 
Күмәнді жолсеріктер немесе қашу туралы алғашқы жоспар
 
"Бізге Таиландтағы Мае-Сот деген қалаға барасыңдар деп айтты. Әуежайдан өткен соң екеумізді бөтен адамдар күтіп алды. Содан қонақүйге бардық. Ары қарай басқа адамдар алып кетті. Бәрі дайын. 2-3 ай жұмыс істеп елге қайтамыз, қарыздарымызды жабамыз деп дәмеленіп жүрміз. Ал қонақүйден бізді алып кеткендер өте күмәнді көрінді. Көліктеріне отырғызып алып, тым асығыс жүріп кетті. Жолай негізгі трассадан тау арасына кіріп кеттік. Дала қап-қараңғы. Өздері мүлдем тіл білмейді, білсе де үндемейді. Киімдері қара түсті, арнайы форма. Бізбен бірге екі пәкістандық болды”,  дейді жас жігіт.
 
Көңіліне күдік ұялаған жігіттер жолай қашудың жоспарын құра бастаған. Әр бұтаны, әр бұрылысты жіті қарап отырған. Бірақ бойдағы үрей мидағы ақпараттың бірін де қалдырмай ұмыттырып тастайды.
 
"Аудармашы болып бара жатқан бізді неге сонша арнайы киіммен, тым асығыс, елсіз жерге әкетіп барады деп ойладық. Қараңғыда тіпті көліктерінің жарығын да өшіріп тастады. Жол-жөнекей 10 шақты посттан өттік. Барлық жерде не ақша, не темекі сияқты заттарды беріп, өтіп кетіп отырдық. Ол бекетте тұрғандар да еш таңғалып тұрған жоқ. Бізге бір қарайды да, өз келіссөздерін жүргізе берді. Дәл осылай келе жатқан тек біз емес, бұған дейін де талай адамдар осы посттардан өткенін аңғардық. Қалыпты жағдай олар үшін. Әр бекетте әртүрлі ту болды. Сосын жолда үш полиция пункті болды, олармен де сөйлесіп өтіп кеттік",  дейді Жарас.

Еңбек құлдығына түскен қазақстандықтар немен айналысты?

Күмәнді жолсеріктер 4 шетелдікті алып, қайыққа отырады. Ақыры қақпасы бар бір ғимаратқа келіп тоқтайды. Қару асынған бірнеше адам қарсы алады. Бұл кезде Жарас пен Исламбек тықырдың шындап таянғанын сезеді. Десе де, еңсені түсірмей, істің ақырын сабырмен күтеді.
 
Шетелдіктерді қару асынғандар кампусқа орналастырады. Мұнда жүргендердің қарасы қалың.
 
“Мектепте әскери оқу сабағында болмаса, қаруды көргеніміз осы. Ғимаратқа кіргенде бізге көрсетілген бөлме емес екенін көріп, бірден шикілік барын сездік. Жұмыс орнының басшысы бізге “бір жыл жұмыс істейсіңдер, ақшаларың төленеді” деді. Бір сөзбен айтқанда, біз оңбай алдандық. Бізден бұрын барып, 6-7 ай жұмыс істеген бір адам болды. Ол қытай тілін жақсы біледі. Ол бізге аудармашы деген вакансия жоқ деді. Тіпті, аудармашымыз десек, өзімізді келемеж етеді”,  дейді ол.
 
Жарастың айтуынша, мұнда жұмыс істеп жүргендер алданып келіп, балтасы тасқа тиген шетелдіктер.
 
Сөздің қысқасы, қытайша жақсы білетін шетелдіктерді алдап шақырып, компьютердің алдында отырғызып, елді алдауға үйрете бастаған. Бір апта қарсыласып баққан қазақстандық екі жігіт ақыры біртіндеп оның не жұмыс екенін зерттей бастайды.
 
"Аккаунт ашып, Еуропа азаматтарымен танысып, қыз болып Америкадағы жігіттерді алдап, өзіңе қаратуың керек. Сосын соларды "мынадай платформа бар, соның арқасында үй сатып алдым, ақша таптым" деп арбайсың.
 
Бірінші салған ақшасынан тапқан пайдасын шешіп ала алады. Оны көрген адам тағы ақша салады. Негізі америкалықтар 2015 жылдан бері дәл осы платформаға алданып келеді. Бұл туралы мақалалар да, ақпараттар да көп. Бірақ америкалықтар әлі күнге миллиардтап алданып жатыр”,  дейді Жарас.
 
Алданып келіп жұмыс істеп жатқан шетелдіктердің арасында мұны нағыз сәттілік деп есептейтіндер де болған. Шарт бойынша кемінде бұл платформа арқылы айына 5 000 доллар түсіріп тұруың керек. Әйтпесе, елге қайту оңайға соқпайды. Қысқасы, жолыңа төленген ақшаң, жатын орын, ішкен асыңның ақысын төлемей кампустан шығу мүмкін емес. Қуантарлық жайт, жұмыс беруші жігіттердің ұялы телефондарын алып қоймаған. Тұтқындағы екі жігіт консулдыққа хабарласып, қалай әрекет ету керегін біле бастайды. Ақыры олар жұмыс беруші қытайлыққа келіп, елге кететінін айтады. Алайда ол басқа компанияға ауыстырамыз, сол жерден елдеріңе қайту оңай болады деп көндіре бастайды.
 
"Естуімізше мұндай жасырын басқа компанияларда адамды қинап ұстап, ұрып-соғу, қамауда ұстау, күш қолдану сияқтылар жиі болып тұрады. Ал біздің жұмыс беруші "сендерді ешкім ұрып жатқан жоқ, тек жұмыс істеңдер" деп көндірумен болды. Бірақ жұртты алдап, ақша тапқаннан түбегейлі бас тарттық",  дейді жігіт.

Қамаудан қашуға кім көмектесті?

Екі жігіт жұмыс істеуге қарсылық білдіріп, түбегейлі бас тартады. Жұмыс берушімен сөйлесіп, ақыры елге қайтарамыз деген уәде алады. Алайда қазақстандықтарды алдап, қамап қояды. Күніне бір уақыт дәмсіз тамақ беріліп, суық жерде жатады. Ұялы телефоннан да айырылады. Тіл білгеннің арқасында екеуі екі камерада жатып, сол жердің күзетшісімен тіл табысады.
 
"Бізге сол жерде жергілікті мьянмалық әскери көмектесті. Ол бізді күзететін еді. Өзі мұсылман екен. Жарамды тамақ тасып, бізге қарайласа бастады. Тамаққа ақшаны өз қалтасынан шығаратын. Тіпті, ұялы телефонын беріп, сол арқылы біз Қазақстандағы дос, туыстарымызға жазып тұрдық. Мьянмалық азамат телефонын бергенін басқалар білсе, өлім жазасына кесілетінін айтты. Барлық күзетшілердің телефондары тексеріледі. Бізге көмектесіп жүрген адам үшін қатты уайымдадық",  дейді ол.
 
Абырой болғанда жігіттердің жазған хабарламасын мьянмалық жанашыр дер кезінде өшіріп, басы бәледен аман қалады. Қазақстандықтар Мьянмада 22 күн қамауда жатады.
 
Алладан алақан жайып, жанына сауға сұраған сәттер басталады. Тілектері қабыл болып, ақыры қашудың орайы келеді.
 
"Камера есігі ашылған сәтті ешқашан ұмытпаймын. Исламбекті көргендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізгісіз. Бір-бірімізді құшақтап, мауқымызды бастық", дейді Жарас.
 
Қазақстандықтарға қамаудан босауға жергілікті әскери жігіт көмектескен.
 
"Ол бізді кампустан шығарды. Сыртқа шығарып, көлікке отырғызып жіберді. "Ақ жол, абайлап жүріңдер" деп қош айтты. Бізді көлікпен Мае-Сот деген қалаға алып келді. Үсті-басымыз адам көргісіз, ласпыз. Кампустан шыққанда алған сөмкемізді қарасақ, Исламбектің картасы бар екен. Сауда үйіне кіріп, телефон сататын жерден әлеуметтік желіні пайдалануға көмек сұрадық. Ол жерде полицияға жүгіну немесе елден көмек сұрау мүмкін емес. Тыныш жүріңдер деп бізге консул айтқан еді. Телефон сатып алдық. Ол жерден шыққанда Қазақстан елшілігі біздің елге қайтуымызға көмектесті",  дейді Мьянмада тұтқында болған жігіт.

Тұтқында отырғанда түйген ой

"Адам өмірінде ақша ешқашан маңызды рөл ойнамайды. Ақша табамын деп осынша жанталасу керек пе еді деген ой туды. Туған-туыстың қадіріне жеттік. Өз жеріңде, туыстарың мен достарыңның арасында жақсы қарым-қатынаспен жүргенге еш нәрсе жетпейді екен. Таяқтың екі ұшы бар, сол сияқты тіл білудің де зияны барын ойланып көрмеппіз. Міндетті түрде шетелге бару керек пе еді, қанша тапшылық болса да, осындай тәуекелге бару қажет пе еді деген ойлар көп болды”,  дейді Жарас Сейткәрім.
 
Еске салсақ, былтыр қаңтарда Сыртқы істер министрлігі екі қазақстандықтың Оңтүстік-Шығыс Азияда (Таиланд, Мьянма және Лаос шекарасы) еңбек құлдығына түскенін хабарлады.
 
Олар Таиландтағы елшілікпен байланысқа шығып, содан кейін тұтқыннан қашып шыққан. Қазақстандықтарға белгілі бір сомаға шекараны кесіп өтуге жергілікті тұрғын көмектескен.
 
Министрліктің хабарлауынша, алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар көбіне үшінші тарап және әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы Қазақстан азаматтарын Таиландтағы компанияларға жұмысқа шақырады. Таиландқа келген соң, түрлі сылтау айтып, азаматтарды алаяқтық жолмен Мьянмаға жеткізеді. Сөйтіп, ол жерде олар еңбек құлдығына түседі.