Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен екі аудандағы былықты анықтады. Қазір Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілерін 1,2 млрд теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің есепшілері 600 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Бұл туралы мәлімет таратқан агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов тің айтуынша, аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам екен. Ол 2020-2023 жылдар аралығында «1С: Бухгалтерия» есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталушылар анықталғанын атап өтті. «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Қазір осы іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», – деп атап өтті ресми өкіл.
Ал бұған дейін осыған ұқсас қылмыстар Сарыағаш пен Шардарада, жуырда Келес ауданында анықталған-ды. Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлерін сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке ілінгенін жақында ғана мәлімдеді.
Келестік білім саласының қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген. Мақтаарал және Бәйдібек ауданы секілді мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-іне ауыстырылғаны анықталған. Қазіргі мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады. Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Одан бөлек, қазығұрттық бір топ ауыл тұрғыны мен мұғалімдер бұрынғы мектеп директорының қайта келуіне қарсы болып, наразылыққа шықты. Олар анау-мынау себептермен емес, бұрынғы мектеп директорының білім ұясындағы қыз-қырқынға тиісіп, кейбіреуінің отбасын шайқалтуына себепкер болғанын айтып шулады. Тіпті, мектеп медбикесі өзіне-өзі қол салуға дейін барған. Қазығұрт ауданы Қызыл ата ауылындағы жалпы орта мектепте 9 жыл мектеп директоры болған азамат моральға қайшы келетін әрекеттері үшін жұмыстан шыққан екен. Ауыл тұрғындары оның қызметке қайта келуі үшін сотқа арызданғанын естіп, мектепке қайта келіп қалар деген күдікпен ұлардай шулаған. Мектеп ауласына жиналған наразы топ, БАҚ өкілдеріне осынау күдіктерін жасырмай айтып берді.
Осылайша, облыстағы білім саласына қатысты ушыққан мәселелер бірінен кейін бірі ақпарат кеңістігіне шығып, бүгінде республиканы шулатып жатыр. Тағы бір жағымсыз хабар, жұмыссыз қалған мектеп күзетшілерінің өтемақысы да төленбей қалған. Кезінде Білім және ғылым министрінің бұйрығымен мектептер терроризмге осал нысандар санатына жатқызылып, оларды қорғау жеке күзет органдарына берілгендіктен, облыстың білім саласындағы 1 473 адаммен еңбек шарты бұзылады. Прокуратура өкілдері жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзып, 934 қызметкерге жалпы сомасы 115 млн теңге болатын тиісті өтемақы төлемегенін анықтаған. Бұл да болса, өңірдегі білім саласының имиджіне нұқсан келетін бірден-бір фактордың қатарына енеді.
Осыған орай, әлеуметтің пікірі де толастамай тұр. Қоғам белсендісі Ахметжан Аятжан: «Болып жатқан жемқорлық фактілерінде кінәлілер шынымен тек бухалтер ме?! Жоқ! Оған жол беріп отырғандар да, ақшаны бөлісіп отырғандар да жазасыз қалмауы қажет!» – деп пікір қалдырған. Ал шымкенттік ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы да түйені түгімен жұтуға жалғыз бухгалтердің күші жетпейтінін айтады. «Ел аузында тарап жатқан әңгіме рас болса, бүгінге дейін Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты тек 5 ауданның білім бөлімдерінен ұрланған қаржы 7 млрд теңгеге жеткен (Қазақстанда қателеспесем, 166 аудан бар). Дипломдары бар, заманауи технологиямен жарақтанған білімді саналатын 400 педагогтің көз алдында Қазақстан халқын ат төбеліндей ғана бухгалтерлер ақымақ қып тонап келген дегенге кім сенеді? Білім басқармасы басшылары қайда қарады? Бухгалтері тонап жатқанын сезбейтін аудандық білім бөлімдерінің басшылары соншалықты ақымақ па? Мақтаарал ауданы білім бөлімінің бухгалтері асылып қапты деген суық сөз тарады... Оншақты күн бұрын Жетісай ауданында бір мектептің завхозы өзіне-өзі қол салыпты деген әңгіме шыққан.. Бухгалтерлердің де әке-шеше, туыс-бауыр, бала-шағасы бар. Соларды аңыратып қойып, қарап отыра береміз бе?» – деген өзінің жанайқайын жеткізді.
Шынында да, соңғы жылдары өңірдің білім саласындағы бейберекетсіздік қоғамда үлкен пікірталас тудырып жүр. Осындай кейбір топтардың келеңсіз әрекеттерінің салдарынан саладағы жетістіктер суға сіңіп барады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері...
Н. САЙЛАУҚЫЗЫ