Ұлттық қордан балаларға түсетін төлем көлемі ұлғаяды – Ерлан Қарин

Алдағы уақытта бөлінетін төлем Ұлттық қор активтерінің еселенуіне және қосымша инвестициялық табыстың артуына байланысты ұлғаятын болады.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин алдағы уақытта «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жасалатын төлем көлемі ұлғаятынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Мемлекет басшысының бастамалары біртіндеп орындалып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында айтылған негізгі бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іс жүзінде жүзеге асырылып, балаларымыздың есепшотына Ұлттық қордан төлемдер түсе бастады. Қаражаттың төлену тәсілдері туралы Үкімет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері егжей-тегжей түсіндірді. Алдағы уақытта бөлінетін төлем Ұлттық қор активтерінің еселенуіне және қосымша инвестициялық табыстың артуына байланысты ұлғаятын болады», – деп жазды Ерлан Қарин Telegram арнасында. 

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Мәжіліс кеше әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасын жұмысқа қабылдағанын мәлімдеді. Бұл құжатты депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылық және педофилия үшін жауапкершілікті күшейту туралы Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес әзірлеген болатын.