Абат Айымбетов ресми түрде түркиялық футбол клубына ауысты

Келісімшарт 1,5+1 жүйесі негізінде жасалған.

Қазақстандық футболшы Абат Айымбетов ресми түрде Түркияның «Адана Демирспор» клубына мүше болды. Бұл туралы команданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Белгілі болғандай, келісімшарт 1,5+1 жүйесі негізінде жасалған. Ол түркиялық командада сенегалдық шабуылшы Мбайе Ньянгудің орнын баспақ.

Абат Айымбетов 1995 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. 

Футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы «Ақтөбе» командасында бастады. Кейін алматылық «Қайрат», елордалық «Астана» клубтарында ойнады.

Ұлттық құрама сапында 2019 жылдан бері 35 ойында 9 гол соғып үлгерді.

2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында ұлттық құрама сапында 9 ойында 3 голдың авторы атанды.

Ал «Адана Демирспор» 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында ойын көрсетіп келеді. Бүгінде Түркия суперлигасының 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында тұр.