"Жаңа адамдар" қоғамдық ұйымы жанындағы «Не бей детей» жобасы белсенділерінің "НеМолчи" қорына сұрақтары туындаған еді. Неліктен аталған қор қызметкерлері кішкентай қызға жасалған зорлық-зомбылық жайлы ақпаратты халыққа ашық айтып, бөліспеді? Осылайша "Жаңа адамдар" ұйымының өкілдері өз наразылығын білдірді.
Әкесі қызын боқтап, соққыға жыққаны жайлы ақпарат былтыр сәуір айында желіде тараған еді. Бейнежазбада балаларға дөрекі сөздер айтып, шашылып жатқан үйді сылтау етіп, өгей әкесі балаларын боқтап, артынша қызды белбеумен сабағаны анық таспаланған.
Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Бірақ іс сотта екі жақтың мәмілеге келуі бойынша тоқтатылған.
"Жаңа адамдардың" мәліметінше, арада 8 ай өткен соң, 12 желтоқсанда, сол қыз өздігінен ювеналдық полиция қызметкеріне көмекке жүгінеді. Бұл жолы қыз бала өз ата-анасына шағымданған соң, жәбірленуші қызды арнайы бейімдеу орталығына орналастырады. Өгей әкесін сот әкімшілік құқық бұзушы реттінде 5 күнге қамауға алады.
Бұл сұмдық жағдай кішкентай қыздың өмірінде 8 ай бойы жалғасқан. Түйткілді мәселе дер кезінде жария болғанда бәлкім, қыздың басындағы осындай қиын жағдай ұзаққа созылмас па еді?! "НеМолчи" қорында өгей әкенің қызға жасаған зорлық-зомбылығын егжей-тегжейлі айтып, бөліскен қыздың аудиожазбасы болған.
"Біз бұл ақпаратты жариялағымыз келмеген еді, бірақ та тек әкімшілік жазаға тартылғанын білген соң айтуға тура келді", – делінген қордың жазбасында.
"НеМолчи" қоры атына осы зорлық-зомбылыққа қарсы болудың орнына, өзінің бөліспей, айтпай қалған дәлелдері арқылы, кінәліні жазадан сақтап қалғандай. Олар бұл жағдайды тек кінәлі адам әкімшілік жазаға тартылғанын естіген соң көтергені миға қонымсыз. Ал үнсіз қалған қордың осындай жағдайда қашан да ашық болуы үшін не істеу керек? Осы ретте мынадай сұрақ туындайды: атына заты сай емес "НеМолчи" қорынан не пайда?
"Негізінде түйткілді мәселенің шешімі тереңде. Қоғамды қалайша зорлық-зомбылық жайлы ашық айтуға үйретеміз, егер арнайы ұйымдардың өзі осындай ақпараттармен бөлісе алмаса?
Көршілер, сыныптастар, айқайды естіген жандар, жалпы балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қалыпты жағдай ретінде қарайтын адамдар ел болашағына балта шабады. "Ел болам десең, бесігіңді түзе" дегендей, балаларға көрсеткен қиянат жақсылыққа апармасы анық", – дейді "Не бей детей" жобасының өкілі Еламан Сахарияұлы.