Медициналық жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең инновациялық он жобаның қатарына жататын бағдарламаны отандық мамандар жасаған.
Дәрігерлерге жаңа бағдарламаны Cerebra командасы таныстырды. Қанатқақты жобаның медициналық директоры Меруерт Сайфуллақызы жасанды интеллект арқылы 5-10 минут ішінде инсульттің бар-жоғын анықтап, мидағы өзгерістерді автоматты түрде көруге болатынын айтады. Соның арқасында неврологиялық дерттің асқынып кету қаупі айтарлықтай төмендейді. Бұл технология тез арада диагноз қойып, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастап кетуге жол ашпақ.
– Бұл жоба 2018 жылы жасанды интеллект зертханасында қолға алынды. Содан бері 40-қа жуық маман жұмыс істеп, 100 мың дерек негізінде инсультті тез әрі дәл анықтауға нейрондық желілерді үйретті. Бағдарлама үнемі жаңа деректермен жаңарып отырады. Біз елорда мен Алматыдағы мамандандырылған орталықтарға ғана емес, бүкіл елдегі ауруханаларға арналған бағдарлама әзірлеуге маңыз бердік. Бүгінде Қазақстан бойынша 1000-нан астам пациент осы бағдарлама арқылы зерттеуден өтті, – дейді Меруерт Сайфуллақызы.
Жаңа технология арқылы зерттеу кезінде түсірілген кескіндердің нәтижесі дәрігерлердің смартфонына орнатылған мобильді қосымшаға келіп түседі. Қолдануға ыңғайлы қосымша Қазақстанда ғана емес, шетелдік медицина мекемелерінде енгізіле бастаған.