Тротуардағы өнерді заңдағы тыйым «таптай» ма?

Жүргіншілердің жолына түсірілетін кескіндеме немесе «тротуар-арт» – дүниежүзінде өнердің жаңа дамып келе жатқан түрі саналады.

Дегенмен оның түп-тамыры тереңде: XVI ғасырда, яғни италиялық ренессанс дәуірінде суретшілер тас жолға сурет сала бастапты. Оны madonnari деп атаған. Бүгінде әлемдегі көптеген қалада бормен, тіпті пастельмен көркемделген асфальтті жабындыны жиі кездестіруге болады. Әсіресе, жолдағы көлемді 3D суреттер – түпсіз тұңғиық шыңыраулар, азуы ақсиған жыртқыш аңдар тосыннан бой көтеріп, жұрттың зәресін алып жатады.

Көшедегі сурет те кіріс көзі

Маркетологтар халық арасында та­нымал болып, үлкен қызығу­шы­лық тудырған осы өнерге де «қол сұқ­ты». Нәтижесінде, Street 3D Painting не­ме­­се өзге стрит-артпен айналысатын су­рет­­шілер жарнамадан, ақылы қызметтен де күреп табыс табады. 

Мәселен, асфальттағы сурет бағы­ты­ның ең бір көрнекті өкілі – америкалық Курт Веннердің (Kurt Wenner) әлемнің әр түк­піріндегі қалаларда, яғни далада салған кар­тиналары әрдайым фурор, дүрбелең мен көл-көсір әсер туғызады. Оның соңы­нан еріп, түрлі елді аралап жүретін өнеріне тән­ті қаптаған фанаты бар. Америка, Ита­лия, Германия, Франция, Швейцария, Мек­сика және басқа да мемлекеттерде оның суреттеріне телебағдарламалар, сю­жеттер мен газет мақалалары арналды.

Қысқасы, асфальттағы сурет – зама­науи кескіндеме өнерінің авангарды бол­ма­ғанымен, қарапайым халыққа ең қол­же­­­тімді, жетекші бір бағытына айналып ке­леді. Алайда Қазақстан оған тыйым салуы немесе кем дегенде, қатаң шектеуі мүм­кін. Ұлттық экономика министрлігі со­ны қарастыратын тиісті заң жобасын әзірлеп шықты. 

Бұған Үкіметті қу бастан қуырдақтық ет алуға тырысатын пысық, бірақ мем­ле­кет­ке салық төлегісі келмейтін қытымыр кә­сіпкерлер итермелеп отырған көрінеді. Мәселенің мәнісі сол, олар тротуардағы кес­кіндемені де жарнама көзіне айнал­ды­рып алды. 

Мәселен, әлеуметтік желіде ком­па­нияның кез келген жар­на­ма­сын қарапайым қаріп немесе әдемі сурет тү­рінде асфальтқа түсіріп шығуды ұсы­на­тындардың хабарландырулары жетерлік. 

Жазда ірі қалаларда аяқ алып жүре ал­майтын «Наташа + Владимир = ма­хаб­бат» деген сияқты, жүрек символымен әдіп­телген аяқ астындағы көркем суреттер де көбіне, солай тапсырыспен салынады.

Тротуарды жарнама орналастыру ор­ны, алаңы ретінде қолданғаны үшін еш­кімге ақы, ешқандай алым-салық төле­мей­ді. 

Мұның сыртында, қалалардағы сырт­қы және көрнекі жарнама заңмен реттеле­ді, ал асфальттағы өнер және оған ілескен жарнама еш заңмен реттелмейді. 

Сорақысы сол, есірткі сататын сайт­тар­ды жарнамалайтын жазба-суреттер де пайда болды.

Осыған орай, мемлекет бұл саланы ба­қылауға алып, заңмен реттеуге, соның ішін­де тыйымдар қарастыруға ниетті. 

Көшенің көркі – көршінің үлгісі

Ел Парламенті «мақұл» десе, онда Әкім­шілік құқықбұзушылық кодексінің 455-бабы жаңа 7-2) құрамымен толығады. Ол бойынша «сыртқы (көрнекі) жар­на­маны тротуарлардың, велосипед жол­да­ры­ның, автомобиль жолдары мен көше­лер­дің бетіне орналастыру» «Қазақ­стан­ның жарнама туралы заңнамасын бұзу» болып есептеледі. Тиісінше, оған тыйым са­лынады. 

Жолдарға тек жол белгілерін түсіруге рұқ­сат. Басқасының бәрі сыртқы, көрнекі жар­нама деп танылып, тыйым салынуы мүм­кін. Өйткені әкімдіктің рұқсатынсыз ас­фальтқа түсірілген суреттердің әрқай­сы­сын іздеп тауып, маманын шақыртып, сарап­тама жүргізіп отыруға Жергілікті ат­қарушы органдардың адами және қар­жылық ресурстары жетпейді.

«Мұндай реттеуді енгізу қажет. Себебі «Жар­нама туралы» заңдағы тыйымдарды бұзудың жолын кесу маңызды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада сөз болып отыр­ған салаға қатысты қандай да бір реттеу қарас­тырылмаған. Соның кесірінен, әкім­діктерге, меморгандарға тұрғындар тарапынан ұжымдық шағымдар түскенде, бақылау органдары әрекетсіз қалады. Заң­намада оған тыйым салынбаған, әрі еш реттелмейді. Сондықтан тротуарларға, ве­ло­жолдарға және автожолдарға жарнама түсіруге тыйым салу ұсынылып отыр», – деп түсіндірді Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарова.

Оның айтуынша, ұлттық заңнамада сондай-ақ тротуар-жолға бормен-бояумен жарнама және басқа жазу жазған адамдарға қатысты әкiмшiлiк ықпал ету шаралары да көзделмеген. Салдарынан, жергілікті әкімдіктер оның бәрін елді мекенді, қаланы абаттандыруға бөлiнген қаражат есебiнен жоюға мәжбүр. 

Бұған коммуналдық қызметтер жұ­мыс­­шыларының уақыты шығын­да­лады. Әрі тротуар арт әкімдікпен келі­сіл­мейтіндіктен, ол қаланың дизайн-ко­дына сәйкес келмей, көшенің көркін кел­тіру орнына, көркін қашырып тұруы әб­ден мүмкін. Яғни, заң жобасын әзір­леу­шілердің пайымдауынша, бұл тыйым­дар қаланың эстетикалық және сәулеттік кел­бетін сақтау үшін де қажет.

Осыған байланысты заңнама өзгерті­ліп, бұл салада жаңа тыйым және оны бұз­ғаны үшін әкімшілік ықпал ету шара­лары енгізіледі.

Ұлттық экономика министрлігі бұл рет­те Ресейдің үлгісі алынып отырғанын жа­сыр­мады. Солтүстік көрші мемлекеттік ми­нстрінен бір қарыс шетке шыққандарды шектеп, тыйым салудың шебері екені мә­лім. 

Мәселен, РФ-та асфальт жолға билік­тің рұқсатынсыз, трафареттің көмегімен немесе онсыз сурет салғаны, телефон нө­мірлерін, логотиптерді, бағыттамалар мен әлдебір дүкен не мекемеге апаратын із­дерді түсіргені үшін айыппұл салынады. «Мұн­дай жарнама қалалық абаттандыру ере­же­лерін бұзады» деп бекітілген. Бірақ олар­да тек жарнама емес, рұқсатсыз тү­сіріл­ген кез келген сурет пен жазбаға тыйым са­лынады. 

Асфальтта жазбалардың болмауын жер­гілікті абаттандыру бөлімдерінің ше­неу­ніктері, кейбір қалада, тіпті поли­ция­ның өзі бақылайды. Табылған жарнаманы суретке түсіреді және акт толтырады. Одан кейін телефон нөмірі немесе лого­ти­пі қандай кәсіпкерге тиесілі екенін анық­тап, оны тауып, түсініктеме сұрайды. Дә­лелдемелерді әкімшілік комиссияға тап­сырады: ол айыппұл тағайындайды.

Суреттен жарнаманы сүзіп алған абзал

Ресей – әр субъектіден құралған федерация, сол себепті суреттер мен жазбалар үшін салынатын айыппұлдар кө­лемі әр субъектінің, республиканың әкім­шілік құқықбұзушылық туралы жер­гілікті заңдарында жазылған. Оның кө­лемі астрономиялық сомаға – бірнеше жүз мың рубльге дейін барады.

Мәскеуде тротуарлардағы, вело­жол­дар­дағы жазулары мен бояулы суреттері үшін жеке тұлғалар – 500-ден 2 500 руб­ль­ге дейін, жеке кәсіпкерлер – 5 000-нан 7 000 рубльге дейін, заңды тұлғалар – 7 500-ден 15 000 рубльге дейін айыппұл ар­қа­лайды.

Петерборда өз бетінше, жолға ресми рұқ­сатсыз түсірілген суреттер мен жазулар үшін жеке тұлғаларға – 3 000-нан 5 000 руб­льге дейін, жеке кәсіпкерлерге – 30 000-нан 50 000 рубльге дейін, заңды тұл­ға­ларға – 70 000-нан 100 000 рубльге (ша­ма­мен 550 мың теңгеге) дейін айыппұл қау­пі төнеді. 

Ең үлкен айыппұл – Самара облы­сын­да: бүгінде онда жеке тұл­ға­ларға – 2 000-нан 5 000 рубльге дейін, же­­ке кәсіпкерлерге – 30 000-нан 40 000 руб­ль­ге дейін, заңды тұлғаларға – 400 000-нан 800 000 рубльге (немесе 4,4 миллион теңгеге) дейін айыппұл салынады.

Қанқасап соғыс жүргізіп жатқан Ре­сей­дің халық жазбаларынан сескенуінің ре­ті бар: кейінгі кезде РФ өңірлерінде жә­не қалаларында соғысты доғаруға ша­қыр­ған бейбітсүйгіш жазулар жиі көрініс та­бады. Бұл Мәскеудің саясатына қайшы.

Қазақстанда тротуарларға, веложол­дар­ға, автожолдарға жазу жазып, сурет сал­ғандарға, яғни ұсынылып отырған тыйымды бұзғандарға айыппұл тағайын­далуы мүмкін. Оның ақырғы мөлшерін Парламент анықтайды деп күтілуде. 

Белгілі арт-консультант Владислав Слудс­кий кез келген түрдегі өнерге тыйым салуды құптамайды. Мемлекеттің реттегені жөн, алайда шектеу қоюға болмайды. 

«Стрит-арт өз ісін жаңа бастаған су­рет­шілер үшін әлеуетін ашып, өнерін кө­рер­меніне паш етудің ең бір қолжетімді жо­лы. Әрине, туындыларын әлеуметтік желіге, YouTube-ке орналастыруға болар, бірақ жазылушылары көп болмаса, танымал блогерлер назарына ілікпесе, таргетке шығындалмаса, онысын ешкім көрмейді. Кейде түрлі партия өз брентін іл­герілету үшін бүлдіршіндер арасында ас­фальтқа сурет салу байқауын өткізіп жатады. Бұл жарнама ма? Жарнама. Оған рұқ­сат етіледі. Ендеше бәріне рұқсат ету ке­рек. Тек заңға қайшы жазбалар мен сурет­терге ғана тыйым салсын. Бұл үшін жауап­ты мекемелер мониторинг жүргізіп, жұрт­тан түскен шағымдармен жұмыс істе­гені жөн», – деді сарапшы.

Шенеуніктер бұған бас қатырмау үшін жап­­пай тыйым салуды жеңіл санап отыр­ғандай. Қазақстанда заңмен тыйым са­лын­ғанын білсе, Курт Веннер сияқты ст­рит-арттың жаһандық жұлдыздары Қа­зақстанға ешқашан ат ізін салмасы сөз­сіз. Яғни, туризмнің өркендеуіне, ел­дің халықаралық имиджіне нұқсан кел­тіруі мүмкін.

Олай болса, Үкімет пен Парламент қан­дай да бір тыйымды енгізбес бұрын, он ойланып, жүз толғанып, «жеті рет өл­шеп бір рет» кессе игі. Бұл жөнінен «тыйым­құмар» Ресей бізге ұлағатты өнеге бо­ла алмайды.

Елдос СЕНБАЙ