Судьяға қастандық – заңды белден басқандық
Судьяға қастандық – заңды белден басқандық
Судья – қоғамдағы әділ­діктің кепілі. Кейде оның заң­ды қызметіне кедергі келтіру немесе сол қызметі үшін кек алу мақсатында қасақана қастандық жаса­лып жатады. Қазақстанда судьялардың өмірі мен денсаулығы қаншалықты қорғалған? Судьялардың тәуелсіздігі «Қа­зақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәрте­бесі туралы» заңда нақты бекітіл­ген. Бұл құжатта судья, оның жа­қын­дары және дүние-мүлкі мем­лекет қорғауында екені тайға таңба бас­қандай жазылған. Егер судья­ның тарапынан қандай да бір ша­ғым түссе, ішкі істер органдары уа­қыт оздырмай шара қолдануы тиіс.  

Судьяға да қару кезеніп еді

Әзірге «Жоғарғы сот мүшелерін біреу қорқытыпты, қоқан-лоқы жасапты» дегенді естіген жоқпыз. Алайда облыстық, аудандық дең­гейдегі заң өкілдерін өлтіруге оқ­талған жағдайлар ара-тұра кез­деседі. Мәселен, 2007 жылы Тараз шаһарында Жамбыл облыстық сотының судьясы Р.Баймырзаеваға әлдекімдер қастандық ұйымдас­тырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалса да, қас­көй­лер ізін суытқан. Сол жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы А.Юваковаға да шабуыл жасалған. Қарақшылар оған түрлі дәрежедегі жарақаттар салып, құжаттарын тонап кеткен. Әйтеуір кінәлілер ұсталып, әрқайсы 9 жыл­ға бас бостандығынан айырылды. Тараздағы тағы бір оқиға: қалалық соттың үкіміне наразылық таныт­қан М.Исмаилов есімді азамат қос ұңғылы шолақ мылтықпен өз-өзін атып өлтірді. Куәгерлердің айтуын­ша, Исмаилов алғашында қаруын судьяға кезеніпті. Бірақ судья дер кезінде шалт қимылдап, жалтарып үлгеріпті. Ал сот отырысындағы қауіпсіздікке жауапты приставтар жедел әрекет етудің орнына қал­шиып қатып қалыпты. Тергеу ба­рысында Исмаиловтың мылтықты судьядан кек алу үшін ғимаратқа алып кіргені анықталды. Осының өзі заң өкілдерінің өмірі қыл ұшын­да тұрғанын аңғартады. 2017 жылы Көкшетауда Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрайымы Жанна Бердықұлова өз үйінде кісі қолынан қаза тапты. Полицейлер­дің дерегіне сүйенсек, қанды оқиға маусымның 13-і күні болған. 1971 жылы туған әйелдің мүрдесі өз үйін­дегі жуынатын бөлмеден табылды. Бірнеше күннен кейін тұтқындалған Медет Әбдірахманов аса ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет сотталыпты. Қанішер өмір бо­йына бас бостандығынан айырыл­ды. Бұл оқиға қоғамды тіксінтіп тастады.  

Мемлекет қорғаса, қарудың қажеті қанша?

Қазір Жоғарғы соттың аппа­ратында судьялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлім жұмыс істейді. Оның негізінде барлық об­лыстық және Нұр-Сұлтан, Алма­ты қалалық соттарының әкімші­лігінде судьяларды қорғау қызметі құрыл­ған. Судьялардың басына қатер төн­ген фактілерді осы қыз­меткер­лер тіркеуге міндетті. Сон­дай-ақ олар алдын алу шараларын жүргізеді. Бірнеше жыл бұрын судьяларға атыс қаруын алып жүруге рұқсат беру мәселесі көтерілген еді. Алай­да құзырлы орындар жабулы қа­занды жабулы күйде қалдырды. Өйткені судьяға ұстатқан қаруды ертең басқа да мемлекеттік қыз­мет­керлер сұрауы мүмкін деп сақ­танды. Мамандар қарапайым аза­маттар мен судьяларға жасалатын шабуылдардың үлес салмағын са­лыстырып, заң өкілдеріне әркімнің тісі бата бермейтінін әйгіледі. Кейбір сарапшылардың пікі­рінше, қастандық көбінесе про­курордың сөзіне құлақ түріп, ад­вокатты тыңдамайтын, біржақты үкім шығаратын судьяларға қатыс­ты жасалады-мыс. Әрине, бұл туралы арнайы статистика түзіп, дәлелдеп-дәйектеген ешкім жоқ. Сондықтан өз ойымызды айтудан аулақпыз. Заң бойынша, әрбір азамат сияқты, құқық қорғау қызмет­кері­нің де өмірі қорғалуы керек. Мұн­дай тәжірибе әлемдік қол­даныста бар, сондықтан бұл жүйе дұрыс жұмыс істесін десек, осы жүйеде қызмет атқаратын адам кәсібіне қатысты қастандықтан барынша сақтандырылуы қажет. Бүгінде тергеушіге, прокурорға және судья­­ға қастандық үшін қыл­­мыс­тық жауапкершілік қа­расты­рыл­ған. Судьяның өміріне, ден­саулы­ғына нұқсан келсе, дү­ние-мүлкі шығынға ұшыраса, орны респуб­ликалық бюджеттен толтырылады.  

Сот тәуелсіз болса қауіп те азаяды

Бұл жерде соттың тәуелсіздігі аса маңызды. Негізі, заңға және ішкі түйсігіне сүйеніп, әділ шешім қабылдаған судьяны ешкімнің жауапқа тартуға қақысы жоқ. Қазақстан сот жүйесінің еркіндігі жөнінен әлемде 71-орында тұр екен. Құқық үстемдігінің индек­сінде 65-орындамыз. Кейінгі кезде сот жүйесінде бір­шама реформалар қолға алын­ды. Жақсы нәтижелер мен оң өзгерістер жоқ емес. Мойындау керек, бұқаралық ақпарат құралдары судьялардың бірлі-жарым қате шешімдерін алаулатып-жалаулатып жариялап, халықтың сотқа деген өкпе-рені­шін одан сайын өршітеді. Осы орайда судьялардың қызмет ба­бында моральдық және психоло­гия­лық соққыға өзгелерден гөрі жиірек ұшырайтынын атап өткен жөн. Сан сауал, қиын сұрақтың жауабын тауып, адам тағдырын шешетін, бірде алғыс, бірде қарғыс арқалайтын, бәріне төзетін – судья­лар. Енді олардың қауіп­сізді­гін қамтамасыз ете алмасақ, ел атымызға сын.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ