Көрермен филармонияның жеке орындаушылары мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің және «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалап, халық әндеріне сусындап қайтты. Қазақ өнерінің алтын қорына «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты 100-ден астам тамаша ән қалдырып, Жетісудың ақиығы атанған, ой мен әсем әннің кеніші Кенен атамыздың 140 жылдық мерейтойы осылайша Алатау баурайынан басталды.
– Кенен Әзірбаев атамыздың өнерлілігі және өзінің ақындығы, жалпы осы атамыздың 140 жылдығы бүкіл Қазақстан бойынша тойланады деп ойлаймыз. Енді Жамбыл облысының тумасы болғанымен, осы Жетісудың мектебін жалғастырған, Жетісудың ақиық ақыны саналғандықтан, біз деген өзіміздің бастаманы осы Алматы облысында өткізіп жатқан жайымыз бар, – деді Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Данияр Құрамысов.