ҚР ІІМ жастар арасындағы қылмыстық топтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мұндай топтар көбінесе жасырын қылмыс жасайды, яғни жәбірленушілерді қорқытып-үркітіп, ойлаған мақсаттарын жүзеге асырады. «Ұрылар» идеологиясын ұстанып, заңсыздыққа жол беретін топтар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын өрескел бұзады.
Жақында ғана ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Шымкент және Павлодар қалаларында осындай екі топтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.
– Биыл қаңтар айында басқа да бірқатар өңірде осындай ұстау операциялары жүргізілді. Мәселен, Шымкентте жедел ақпаратты тексеру барысында университеттердің бірінен үш студентті ұрлау фактісі анықталды. Тексеріс барысында 20 жастағы алты жігіт қылмыскерлердің ықпалымен бірнеше рет адам бопсалап, өзге де қылмыстар жасағаны анықталды. Осындай оқиғалардың бірінде олар үш студентті автокөлікке отырғызып, қаланың сыртына апарған, онда олар күш көрсетіп, мобильді қосымша арқылы онлайн-несие ресімдеткен және 700 мың теңгені тартып алған. Топтың барлық қатысушылары ұсталды, – делінген полиция хабарламасында.
Ал Алматы облысында 23 жасқа дейінгі үш адамнан құрылған топ ұсталды. Олар 2005 жылы туған қызбен келісе отырып, адамдарды алдап пәтерге апарып отырған. Онда олар жәбірленушілерді күш көрсетеміз деп қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Павлодар облысының Ақсу қаласында бопсалау және алаяқтық қылмыстар жасағаны үшін жастар тобы ұсталды. Топ мүшелері қорқыту және алдау арқылы жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеген, кейіннен ақша мен тауарларды иемденген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Ақмола облысында қылмыстық топтың екі мүшесі бұрын жергілікті тұрғыннан жарты миллион теңге бопсалағаны анықталды. Күдіктілердің бірі 2005 жылы туған және ұқсас қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екінші күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
– Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жас тұрғындардан құралған топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті үниверситеттің екінші курс студенті, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мыңнан астам теңге берген. Күдікті қамауға алынды. Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру нәтижелері бойынша екі шолақ мылтық және әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді. Ол 2005 жылы туған колледж студенті, – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында тұр.