«AMANAT» фракциясы ауқымды реформалардың іске асуына күш-жігерін жұмсап келеді – Елнұр Бейсенбаев

Депутаттың айтуынша, бір жыл ішінде еліміз үшін маңызы зор әрі саяси ашықтықты білдіретін «Заңсыз иемденген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жер қойнауын әділ пайдалану сияқты жаңа заңдар қабылданған.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбев VIII шақырылымдағы Мәжілістің Үкіметпен бірлесе жүргізілген жұмысы жайында айтты.

Депутаттың айтуынша, бір жыл ішінде еліміз үшін маңызы зор әрі саяси ашықтықты білдіретін «Заңсыз иемденген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жер қойнауын әділ пайдалану сияқты жаңа заңдар қабылданған.

«VIII шақырылымдағы Мәжілістің жұмысына да бір жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде «AMANAT» Фракциясы табандылық танытып, көптеген маңызды заңдарға бастамашылық етті.

Үкіметпен бірлесіп елдегі ауқымды реформалар мен Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындауға бар күш-жігерін жұмсап келеді.

Былтыр «AMANAT» партиясы сайлауда көпшіліктің басым дауысына ие болып, Мемлекет басшысының ұсынысымен бірінші рет Премьер-Министр лауазымына кандидатура ұсынды.

Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін күшейтіп, партияның да халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Осы ретте Үкіметтің жұмысын Фракция және барша Мәжіліс депутаттары жіті бақылап, нақты талап етіп отырды.

Жалпы, бұрынғы Үкіметтің жұмысын мінсіз деп айтуға келмес. Қоғам тарапынан да, біздің тарапымыздан да біршама негізді сындар айтылды.

Сыртқы саясаттағы экономикалық санкциялардың күшеюіне, әлемдегі инфляцияның тұрақтамауына қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделе білді.

Мысалы, экономиканың өсімі 5,1%-ды құрады. Елімізге 28 млрд доллар көлемінде айтарлықтай инвестиция тартылды.

Еліміз үшін маңызы зор әрі саяси ашықтықты білдіретін «Заңсыз иемденген активтерді қайтару», «Ұлттық қор – балаларға», жер қойнауын әділ пайдалану сияқты жаңа заңдарды Смайылов бастаған Үкіметпен бірлесіп қабылдадық», – деді ол.