TikTok мессенджерінде Қазақстанға келе жатқан тропикалық дауыл туралы видео жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Онда 2024 жылғы 9-10 ақпанда күші сағатына 100 км-ге дейін жететін жел соғады делінген. «Қазгидромет» РМК бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, видеода бірқатар жансақтық бар.
«Роликте айтылып отырған циклон Қазақстан аумағында болмайды, ол Қазақстанға Скандинавия аудандарынан ауысып келеді және 7 ақпанда ел аумағының басым бөлігін қамтитын болады. Желдің күшіне келетін болсақ, видеода айтылған 100 км/сағ-ты м/с айналдырғанда 27-28 м/с шығады.
Сондай-ақ «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 6 ақпанда дауылды ескерту таратылды. Оған сәйкес, 2024 жылғы 06 ақпанда сағат 21:00-ден 09 ақпан сағат 21:00 дейін №10 стихиялық метереологиялық құбылыс орын алады, яғни желдің күші 30 м/с дейін күшейеді. Өңірлер: Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы. Дауылды ескертуге сәйкес, 7-9 ақпанда күндіз Қазақстанның басым бөлігінде жылдамдығы 23-28 м/с жел соғады, кей жерлерде екпіні 30 м/с жетеді деп болжануда, одан әрі циклон Қазақстаннан тыс жерлерге ауысады», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
«Қазгидромет» РМК Қазақстан тұрғындары мен қонақтарын ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады. Тиісті ақпарат Төтенше жағдайлар департаментінің 112 Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінен таралады, дауылды ескертулер сайтында және DARMEN мобильді қосымшасында жарияланады.