Ақмолда Сайрамкез 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ол жұлқа көтеруде – 126 келі, серпе көтеруде 166 келіні еңсеріп, қос жаттығудың қорытындысында 292 келі көрсеткішпен 2-орын иеленді. Алтын медальді Солтүстік Корея өкілі Ри Вон Джи (137+180 келі) қанжығаласа, қола жүлдені таиландтық спортшы Терават Ратфет (128+158 келі) жеңіп алды. Осылайша, Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті. 10 ақпанға дейін жалғасатын құрлықтық біріншілікте Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар үлестіріледі.
Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионатында Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады. Жарысқа 34 елден 192 атлет қатысып жатыр. Азия чемпионатында ауыр атлетикадан ел намысын жеті спортшы қорғады. Ерлер арасында Ақмолда Сайрамкез (67 келі), Әлібек Рақымберді (73 кг), Александр Уваров (81 келі), Сергей Петрович (96 келі) және Кирилл Староверкин (96 келі), ал әйелдер арасында Айнұр Әбдіхалықова (49 келі) мен Арай Нұрлыбекова (81 келі) жарысқа аттанған еді. Өзбекстанда ауыр атлетикадан Азия чемпионаты ерлер арасында 52, әйелдер арасында 33-рет өтіп отыр. Осыған дейін аталмыш жарыс Ташкентте 2016 және 2021 жылдары болды.