Кеше кешкісін БҚО бойынша барлық бағытқа жол жабылды. Себебі екі кештің ортасында алай-дүлей жел тұрып, қар жауып, табиғат-ананың аяқасты мінезі бұзылды да кетті. Сол мінезі әлі де қайтпай тұр, бүгін таңмен облыс бойынша 55 елді мекенде электр жарығы өшті. Осының салдарынан 16 903 үй мен 192 әлеуметтік нысан жарықсыз қалды.
– Бүгінгі ауа райының қолайсыздығы кесірінен үйлердің шатыры ұшып, жарық өшті. Атап айтсақ, Бөрлі,Теректі, Шыңғырлау аудандарында электр желілері үзілді. Қазір қалпына келтіру жұмыстарына 39 апаттық бригада мен 49 арнайы техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Теректі ауданында бірнеше нысан мен үйдің шатыры ұшып кетті, – деді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жолдар жабық дегеніне қарамастан жолға шығып кетіп, далада қалған адамдар мен машиналарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылуда. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметі бойынша, Самара – Шымкент, Атырау – Орал тасжолында 200-дей көлік далада қалған. Оларға төтеншеліктер мен полиция көмек қолын созып жатыр. Сол екі үлкен трассадағы көліктерді діттеген жеріне аман жеткізу үшін Полиция департаментінен 8 патруль жіберілген. Төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылған.
Облыстағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб жұмысы іске қосылды. Олардың қатарында полиция қызметкерлері мен «Қазгидромет» мекемесінің өкілдері бар.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы