Иранның Сириядағы бұрынғы елшісі 68 жастағы Хоссейн Шейхолислам коронавирустан қайтыс болды, – деп хабарлайды Mehr News-ке сілтеме жасаған Tengrinews.kz. Шейхолислам парламент спикері Али Лариджанидің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі болған. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік ислам ағымдарын жақындастыру ассамблеясының халықаралық істер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған және Иран Меджілісінің (парламенті) депутаты болған. Бұған дейін Иран өнеркәсіп, кен және сауда министрі Рыза Рахманидің коронавирус жұқтырғаны мәлім болған. Вируспен ауырғандардың қатарында әйелдер мен отбасы істері жөніндегі вице-президент Масуме Эптекар да бар. Кейін елдің басқа да ықпалды шенеунігі – Мохаммад Мир-Мохаммади аурудан қайтыс болғаны хабарланды. Ол Иранның қабылданған шешімдердің орындылығын анықтау жөніндегі кеңестің мүшесі болған. Сондай-ақ, коронавирустан Иранның Ватикандағы бұрынғы елшісі Хади Хосровшахи қайтыс болды. Ол 81 жаста болған.