Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл көшпелі кеңес өткізді

Әкімдік өкілдері тек ресми деректерге сенуді сұрады.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала басшысы бүлінген ғимараттарды аралап,  шұғыл көшпелі кеңес өткізді.

«Басты басымдық – іздеу-құтқару жұмыстары. Алдын ала ақпарат бойынша, үйде тұратын адамдарды іздеу бойынша барлық жұмылдыру топтарының жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Ерболат Досаев.

Көршілердің айтуынша, бұл үйде 4 адамнан тұратын отбасы болған.

«Әкімнің тапсырмасы бойынша болған оқиғаның себептерін тексеру және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды», – делінген хабарламада.

Сағат 08.00-дегі жағдай бойынша іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде жедел медициналық көмек бригадалары бар.

«Ақпарат толықтырылады. Тек ресми деректерге сенуге шақырамыз», – деп ескертті әкімдік өкілдері.