BBC News құрсауда қалған киттер ашық теңізге шығып кеткенін Жапонияның ресми өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады. Aikyn.kz бұл оқиғаның қалай аяқталғанын сол хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.
Жапонияның солтүстік аралындағы суларда қалың мұз құрсауында қалып қойған 14-15 киттер (косаткалар) тобы ашық теңізге шығып кетуі мүмкін екенін жапониялық шенеуніктер хабарлаған. Киттердің құрсауда қалғанын Хоккайдо аралынан бір шақырымдай жерден балықшы байқаған. Ол бірден жағалау күзеті қызметімен хабарласқан.
Дроннан түсірілген видеода жануарлардың бір-біріне жақын топтасып, дем алу үшін бастарын судан шығарып жатқанын көруге болады.
Экологиялық ұйымдар жапон үкіметінен құрсауда қалған киттерді босатуға мұзжарғыш жіберуді де сұрады.
Бірақ шенеуніктер сәрсенбіде (7 ақпанда) соңғы бақылау кезінде киттерді бұрынғы орнында таба алмағандарын мәлімдеген. «Біз олар аман-есен ашық теңізге шығып кетті деп ойлаймыз», – дейді теңіз жағасындағы Раусу қаласының шенеуніктері.
Олар киттер мұз құрсауы ажыраған тұстан аман-есен ашық суға кеткен деген болжам жасаған.
Ақылды киттердің итбалыққа шабуылы туралы видео:
Жағалау күзеті мұз тым қалың болғандықтан, құтқару операциясын бастай алмағанын NHK қоғамдық телеарнасына жергілікті шенеунік айтқан. Жапондық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2005 жылы осындай жағдайда 9 кит сол аймақтағы мұзға кептеліп өлген.
Жапондық ақпарат құралдарының хабарлауынша, киттердің осы түрі (косатка) басқа ірі киттерге қарағанда су астында тым ұзақ тұра алмайды, бірнеше минут сайын су астынан шығып дем алуы керек. Желіде таралған видеода да жануарлар бір-біріне тығыз жиналып, дем алуы қиындағанын көруге болады.