Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылының 6-ауылындағы еріген қар суы сайға толуда. Сай бойында 6 су өткізгіш құбыры салынған. Алайда, қатты қарқынмен жүріп жатқан су құбырлардан өтіп үлгере алмай жол үстімен ағуда. Қазіргі таңда, үйлер мен қора жайларды судан аман сақтап қалу мақсатында Мұқыр ауылдық округі әкімі аппараты арнайы техникаларды жұмылдырып жатыр.
Дәл қазіргі уақытта үйлерге су кіру қаупі жоқ.
Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекені Ноғайты өзені тасып, үйлер суға кету қаупі болды. Ішінен өтіп жатқан сай жүріп кетіп, 2 тұрғын үйге қауіп төндірді. Оған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан 1 погрузчик жіберіліп, түнгі сағат 04:30-да аталған тұрғын үйлердің айналасына бөгет салынды.
Сонымен қатар, Сағыз ауылында су кіру қаупі бар үйлердің айналасына бөгет салынып, суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 1 погрузчик, 1 гидромик, 2 Камаз вакуум, 60 адам жұмылдырылды.
Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елді мекеніндегі мектептің шарбағының ішімен еріген қар су жүріп жатыр. Әзірге мектепке қауіп жоқ. Сабақ онлайн форматта өткізілуде.
Баян Жанұзақова