Ақ халаттылар дабыл қағуда: вейптен ағза уланады, өкпе қабынады, оны тұтынатын адам өліп те қалады. Электронды темекі шеккен балалар ауруханаға түсіп, операция үстелінен бір-ақ шығып жатыр. Ресейде вейп шеккен 12 жасар баланың көз жұмғаны хабарланды. Жас ұрпақты қорғау үшін Қазақстан вейптерге тыйым салды.
Ауқымы апат дәрежесіне жеткен кесел
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. Төменгі палатаның отырысына қатысқан 92 депутат жақтады, бір депутат қалыс қалды.
Алда Сенат мақұлдап, Президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.
Бір қызығы, 2022 жылғы 21 желтоқсанда дәл осы заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда құптағанда, онда вейптерге тыйым салу туралы норма жоқ болатын. Мұндай норманы депутаттар былтыр қосымша енгізді. Содан соң аталған өнімді елге әкелушілер лобби тетігін толық қуатта іске қосты: оларға қызмет етуге келіскен қоғам белсенділері, тіпті белгілі тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының жетекшілері дөңгелек үстелдер, баспасөз конференцияларын өткізді. Президент пен Үкіметке ашық хатпен жүгінді. Қоғамдық пікірден дүмпу мен дауыл туғызуға тырысып-ақ бақты.
Сондағы айтатын қарсы дәйектемесі: көк түтіні будақтаған дәстүрлі шылымға қарағанда электронды сигареттердің айналаға залалы аздау-мыс. Бұдан бөлек, вейптерге тыйым салу – тұтынушылардың таңдау құқығын шектейтін көрінеді.
Дегенмен бұл өнімге үзілді-кесілді қарсы мамандардың, Денсаулық сақтау министрлігінің және депутаттардың дәлелдері әлдеқайда салмақты болып шықты.
Біріншіден, вейп әсіресе жас ұрпақ арасында сәнге айналды. Оны бір татып көрген балалар шектен тыс әуестеніп алады, салдарынан оны үнемі жөтел қысады, тез демігіп, спортпен қарқынды айналыса алмайды, жүрек соғысы жиілейді, демікпе-астма ұстамасына шалдығады. Дәрігерлер вейп тұтынушылардың өкпелері күйіп, шор болып қалатынын ескертеді.
Екіншіден, бұл өнімдердің сатылымы бей-берекет сипат алған. Бұған дейінгі жылдары электронды сигареттерді 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынып келді. Қолданыстағы Денсаулық кодексінің 110-бабының 3-тармағына сәйкес, никотинді тұтынудың электронды жүйелерін (ТЭЖ), вейптерді сату орындарда, анық көрінетін жерде мынадай мазмұндағы: «ТЭЖ/вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады» деген жазба жазылып тұруы тиіс.
Сондай-ақ сатушылар сатып алушының 21 жасқа толғанына күмән туындаған жағдайда жеке басын куәландыратын құжатты көрсетпейінше, жас адамға вейп-ТЭЖ сатудан бас тартуға міндетті. Бірақ кәсіпкерлер бұл талаптарды сақтамайды. Салдарынан оқушылар сыртқы сипаты көз тартатын түрлі-түсті вейптерді мектепке алып барып, құрбы-құрдастарының көзінше шегуді мақтан ететінді шығарды.
Үшіншіден, никотинді тұтынудың электронды жүйелерінің (ТЭЖ), соның ішінде вейптердің сұйықтықтары қолдан жасалады, нарықта контрафак, жалған өнімдері қаптады. Өндірушілері олардың құрамында не барын жасырып, құрауыштарының тізімін толыққанды бермейді. Содан ТЭЖ-дің құрамындағы химиялық заттары және никотиннің мөлшері белгісіз.
Бұл кесапаттың таралуы апат ауқымына жетті. Қаржы министрлігінің дерегінше, ТЭЖ/вейп нарығы 2020 жылдан бері алапат 300 есеге жуық өсіп шыға келген. Мысалы, 2020 жылы шетелден 21 608 дана ғана электронды темекі, вейп ресми әкелінген. Ал 2022 жылы оның импорты 6 301 623 данаға жетті. Былтырғы жылдың қорытындысы әзірге шығарылған жоқ.
Арнайы вейп дүкендері – VapeShop-тар желісі кең тарады, тек осы өнімді ғана ұсынып, жеткізіп беретін жеке интернет дүкендер пайда болды, барлық дерлік сауда орталықтары мен супермаркеттердің кіреберісінде вейп сататын тұғыр-дүңгіршектер ашылды.
Олардағы вейптердің, тұтынудың электронды жүйелерінің, буландырғыштарының, клиромайзерлерінің, саналуан дәмді сұйықтықтарының, ароматизаторларының кең ассортименті көздің жауын алып, таңдай қаққызады. Сыртқы сипаты да аса тартымды: небір суреттер бейнеленген. Тапсырыспен, қалаған бейнеңізді, фотосуретті басқыза аласыз.
Дизайны да заманауи: қыздардың ерін далабын, маркерлерді, флэш-дискілерді және басқасын елестетеді. Ақ түтінді құныға сорып отырған үстінен түспесе, ата-анасы немесе мұғалімі баланың не ұстап отырғанын да түсінбей қалады.
Яғни, бұл қауіпті өнімдер халыққа барынша қолжетімді етілді. Бағасы да арзан: шамамен 2 мың теңгеден басталады. Оны кез келген бала сатып ала алады.
Жас ұрпақты қорғауға бағытталған қадам
Сонымен, «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында бұдан былай Қазақстанға вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынды.
Тыйым әзірге күшіне енген жоқ: құжатты сенаторлар мақұлдап, Мемлекет басшысы қол қоюы керек. Сарапшылар тым кешіктіре бермей, биылғы бірінші жартыжылдықта тосқауыл қойылады деп үміттенеді. Әзірге, бұл «сәнді у» еркін сатылып жатыр.
Жаңа заң вейптерді саудалағандар үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Сатушылар үшін ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке дейін тұтқынға алу. Елге әкеліп, таратқандар – 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дәл осы қылмыстар қылмыстық топ болып жасалса, немесе аса ірі көлемде әкелініп, сатылса немесе қылмыс бірнеше рет қайталанса, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін ауырлайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022 жылы жүргізген зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы вейптерді тұрақты түрде тұтынады. Яғни, әрбір он баланың біреуі жас басымен тәуелді болып қалған. Проблеманың қандай ауқым алғанын осыдан ұғынуға болады.
ДДСҰ электронды сигареттердің денсаулық үшін өте зиянды екеніне назар аудартты. Себебі «олардың құрамында белгісіз химиялық заттар бар», мұның сыртында никотиннің көлемі де тым көп. Ендеше электронды сигареттер қарапайым шылымнан қауіпсіз бола алмайды.
Ұйым сарапшылары никотинді тұтынудың электронды жүйелерінен, вейптерден тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жүйелері, асқазан-ішек жолдары қатты зардап шегетінін айтады. Сонымен қатар вейптердің бедеулікке соқтыратыны дәлелденген.
«Бүгінде бұл өнімге мемлекеттік бақылау жүргізілмейді. Ал вейп өнімдерін ашық сөреде орналастыруға тыйым салу туралы кодекстің қолданыстағы нормасы орындалмайды. Жергілікті әкімдіктер, атқарушы органдар ТЭЖ/вейп саудасын бақылай алмайды. Салдарынан, 21 жасқа дейінгі балалар мен жастарды қоса алғанда, тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ТЭЖ/вейптерді кеңінен, еркін сату жүзеге асырылады», – деп дәйектеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Сондықтан Үкімет пен Парламент ақылдаса келе, бұл залалды өнімге мүлдем тыйым салып тастауды жөн деп тапты.
Вейп-эпидемиямен күресте Қазақстан алда ма?
Бұған пәрменді тоспа құрылмаса, жағдай тек ушыға бермек. Денсаулық сақтау минстрлігінің дерегінше, бір ғана Алматыда бір жылда вейп тұтыну 372%-ға өскен. Қазақстан вейп-эпидемиясының қауіпті аймағына кірді.
Қазақстандық нарколог-психиатр, Психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Алена Можарованың айтуынша, Балалар вейптердің темекі немесе у екенін түсіне бермейді.
– Бұл сұйықтығы бар арнайы картриджден тұратын құрылғы түрінде болып келеді. Баланың санасы оны түтікшемен шырын ішкендей қабылдайды. Өндірушілер де мұны әлеуметтік желілер, ғаламтор арқылы «жақсы көңіл күй сыйлайтын қауіпсіз өнім» деп жарнамалайды. Шынында, мүлдем олай емес. Ондағы никотин тәуелділік тудырады. Ацетальдегид өкпе тіндерін зақымдайды. Ашып көрсетілмеген басқа улы заттары жетерлік. Оның бәрі жүрек пен миға нұқсан келтіреді. Вейп түтінінде екі мыңнан астам қауіпті зат түрі табылған. Олай болса, бұл оны тұтынбайтын, алайда соны шегушінің қасында отырған балалар мен адамдарға зиян келтіреді, – деді нарколог.
Ол вейптер әлемде ерекше эпидемия тудырып жатқанын жеткізді. Нышандары бойынша оның дерті пневмонияға ұқсас, бірақ аса ауыр өтеді, емдеу де күрделі.
Бұл ауруды ғалымдар EVALI атады (E-cigarette and Vaping use-Associated Lung Injury немесе электронды сигареттер-вейптер тартудың кесірінен өкпенің зақымдалуы). Сарапшылар EVALI дертін «ең қауіпті салдарларға ие ауруларға» жатқызды. Клиникалық хаттамасы болмағандықтан, Қазақстанда ол ресми тіркелген жоқ. Басқа диагнозбен кетеді. Әйткенмен, қазақстандық дәрігерлер вейптердің қандай салдарға соқтыратынының фото, видео айғақтарын жариялап жүр.
Сорақысы сол, әлемде EVALI науқастарының орташа жасы 24 жасты құрауда. Сырқаттардың 62%-ы – 18 бен 34 жас аралығында, тағы 16%-ы – 18 жасқа да толмаған. Бұл ауру тез және жиі өлімге соқтырады. 2020 жылдан бері АҚШ-тың барлық штатында тіркеліп жатыр. Колумбия округінде оның науқасты ауруханаға жатқызуға немесе өлім-жітімге дейін жеткізгені туралы 2 807 дерек тіркелген.
Bloomberg агенттігі әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде Жапонияда, Ұлыбританияда, Канадада, Гуамда, басқасында тіркеліп жатқанын жазды. Вейп тұтынған адамның бір жыл ішінде содан қайтыс болуы оқиғасы да анықталды.
Көрші Ресей ТМД елдерінде алғашқылар қатарында вейптерге, никотинді тұтынудың электронды жүйелеріне толық тыйым салу мәселесін талқылауды бастаған. Бірақ сол бойы талқылаудан ары аспады.
Сондықтан заң жобасы сөзбұйдаға салынып, күшіне енуі созылып кетпесе, вейптерге толық тыйым салу арқылы Қазақстан әлемге ізгі үлгі көрсетіп, бұл істе ізашарға айналғалы тұр.
Айхан ШӘРІП