Біздің көп ауылымыз осы алып облыстар шекарасының түбінде жатыр. Жалпы, статистикаға сүйенсек, БҚО бойынша 126 елді мекен шекара маңында орналасқан. Ол дегенің – облыстағы 12 ауданның жетеуі шекара маңында деген сөз. Осы ауылдарда 94 526 адам тұрып жатыр. Ал осы ауылдардың әлеуеті қандай? Халқы немен күн көріп отыр?
Шекара маңындағы ауылдардың басқа ауылдардан айырмашылығы бар. Бұл ауылдардың иығына түсетін жауапкершілік жүгі ауыр. Себебі шекара маңындағы ауылдар дегенде шекара тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздік мәселесі көз алдымызға көлбеңдей қалады. Егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі ең бірінші мәселе шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды мықтап бекітіп алуы болған еді. Ол заңды да. Өйткені сырттан келетін шетелдіктер ең алдымен қарсы алдынан шығатын шекаралық ауылдар арқылы Қазақстан деген елмен танысады. Сол ауылдарға қарап, еліміз туралы алғашқы пікірі қалыптасады.
Соның ішінде бүгінгідей геосаяси жағдай тұрақсыздау уақытта шекараны қымтай берудің зияны болмасын ел басқарғандар түсініп жүрген шығар. Атап айтсақ, шекаралық ауылдар жағдайы, ел шетіне халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру – мемлекеттік деңгейде назар аударуды қажет ететін мәселе. Өкінішке қарай, даладан қалаға қоныс аударып жатқандардың басым бөлігі – осы шекара маңындағы ауыл тұрғындары. Біз мұны өзіміз естіп, көріп те жүрміз. Бұл пікірді мамандар да жоққа шығармады.
– БҚО бойынша 126 елді мекен шекара маңында орналасқан. Осы ауылдарда халықты ұстап қалу үшін мемлекеттік деңгейде бірқатар шара жасалуда. Мәселен, 2019-2022 жылдары шекара маңындағы ауылдарды дамыту үшін бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Тек 2023 жылдың өзінде 7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бұл қаражатқа 9 ауылдың денсаулық сақтау нысандары күрделі жөнделді. Екі ауылда мектеп салынды. 6 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Төрт ауылда мәдениет үйі салынды. 2023 жылы 10 ауылды сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Шекара маңындағы ауылдардың жолдарын дамыту бойынша 30 жоба жүзеге асты. Осы жасалып жатқан жағдайға қарамастан шекара маңындағы ауылдардан халықтың көшуі азаймай тұр, – дейді БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.
Иә, шекара маңындағы ауылдар үшін тиісті шаралар жасалып жатыр. Бірақ көшу тоқтамай тұрғаны жасырын емес. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Егер жағдай жақсы болса олар ол ауылдардан кетпес еді. Мәселен, Жәнібек ауданын алайық. Осы аудандағы Ақадыр деген ауыл шекарадан 25 шақырым ғана қашықта жатыр. Осы ауылда 2022 жылғы есеп бойынша небәрі 10 адам ғана тұрады. Ал Жігер ауылының халқы – бар болғаны 14 адам. Жәнібек ауданы қаладан 500 шақырым алыста орналасқан. Бұл ауданның халқы жол азабын әбден тартқан. Аудан орталығына бармаған жол ауылдарына бармасы айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан бала оқытамыз, қалада тұрғымыз келеді дегендердің көбі осы қашық аудандардан қашып қалаға көшіп келіп алған. Бірақ қалаға жақын орналасқан Бәйтерек ауданындағы шекаралас ауылдардың жағдайы да мәз емес. Бәйтерек ауданы бойынша 15 ауыл мен 35 елді мекен шекара маңында орналасқан. Осы аудандағы Дариян, Озерное ауылдары көгілдір отынмен толық қамтылмаған. Озерное ауылында ауызсу проблема. Интернет жоқ. Мәселен, Чапурино ауылында тек 9 адам тұрады, Астафьево ауылында бар болғаны 17 адам қалған. Ал бұл ауыл шекарадан небәрі сегіз шақырым қашықта жатыр. Жалпы, шекара маңындағы ауылдардың электр желілері 85 пайызға тозған.
Мамандар шекара маңындағы ауылдарды үш топқа бөледі екен. Олар – тіректі елді мекендер, спутник елді мекендер және стратегиялық елді мекендер. БҚО бойынша 22 тіректі елді мекен, 28 спутник ауылдар, ал 35 ауыл стратегиялық маңызы бар ауылдар санатына жатады.
Бұлардың ішінде ең маңыздысы – стратегиялық маңызы бар ауылдар. Себебі бұлар шекараға ең жақын орналасқан ауылдар деген сөз. Осы ауылдардағы халықтың орналасуы мен тығыздығы көп мәселені шешеді. Өкінішке қарай, жоғарыда атап өткендей, су болса газ жоқ, газ болса су жоқ. Әйтеуір бір жоғы түгенделмей қойғасын адамдар ауылды тастап көшуге мәжбүр.
Сол баяғы жұмыссыздық, ауызсу мен жолдың жоқтығы. Кей ауылдарда интернет желісі атымен жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей шекара маңында 126 елді мекен бар болса, соның тек 40-да ғана интернет желісі бар. Тек 2023 жылы қосымша 17 ауылға интернет желісі тартылған.
– 2024-2025 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 28 шағын ауылға интернет желісін тартуды көздеп отырмыз. 2023 жылы 17 ауылға интернет тарттық және сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүргіздік, – деді БҚО Цифрлық даму басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрланұлы.
Шекараны ашық қалдыруға болмайды деп қанша әкім айтса да әзірге нақты мақсатты жұмыстар жасалмай жатқандай көрінеді. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде шабан қимылдап отырған жоқпыз ба деген сұрақ та мазалайды. Біз осы сұрақты Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанға қойдық.
– Шекара маңындағы ауылдар дегенде ең бірінші ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік деген қағида тұрғысынан қарау керек. Бұл ауылдарға міндетті түрде көңіл бөлінуі тиіс. Шекара маңындағы ауылдарға қатысты мемлекеттің бөлек жоспары, мақсаты жасақталуы тиіс. Ол ауылдарды жалпы ауылдармен салыстыруға, барлық ауылға қолданатын шектеулерді қолдануға болмайды. Мәселен, бала саны жетпеуіне байланысты мектептерді жабу, бастауыш сыныпты жабу деген секілді нормалар қолданылмауы тиіс. Екіншіден, ол ауылдарға жолдың, судың баруы қатты қадағалануы керек. Мен қазір бір үлкен ұсыныс дайындап жатырмын. Алдағы уақытта шекара маңындағы ауылдарды қайта құру, күшейту ол үшін бөлек нормалар енгізу мәселесін қарастыру үшін арнайы ұсыныс әзірлегім келеді, – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Мектеп демекші, БҚО Білім басқармасының берген мәліметіне көз жүгіртейік. Жалпы, шекара маңындағы елді мекендерде 84 білім беру ұйымы қызмет атқарады екен. 126 елді мекеннің тек 72-де ғана мектеп-балабақша бар. Ал соңғы екі жылда бала санының жетпеуіне байланысты шекара маңында орналасқан төрт бастауыш мектеп жабылған. Атап айтсақ, Казталов ауданындағы Аққурай ауылындағы мектеп, Бөкей Ордасындағы Шоңай мектебі, Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ, Шыңғырлау ауданындағы Жаңакүш бастауыш мектептері жабылған. Жоғарыда аталған ауылдардағы халық санына келейік. Мәселен, Казталов ауданы Аққурай ауылында 132 адам тұрады. Бұл – стратегиялық маңызы бар ауыл. Бірақ соған қарамастан бастауыш мектеп жабылып отыр. Бұл деген ауылдан жастар көшіп, шал-кемпірі қалды деген сөз. Демографияға үлес қоса алатындары нәпақа табамыз деп қалаға көшіп жатыр. Жастар болмағасын бала саны қайдан толсын?! Бұл тек бір ауылдың мұңы емес. Жоғарыда мектебі жабылған ауылдардың бәрінің күні осы.
Айтпақшы, БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бастау алды. Осы жоба аясында ауылға көшкендердің алдына мал салынады, жұмыс тауып береді, үймен қамтамасыз етеді.
Біздің атқамінерлер осы жобаны пайдаланып, қаладан ауылға көшемін дегендерді шама келсе шекара маңындағы ауылдарға қарай орналастыра берсе ұтар еді. Себебі теріскейдегі көршіміз ауық-ауық біздің жаққа қарап «ұлитыны» бар. Дәл қазіргідей аумалы-төкпелі заманда шекараны бос тастауға болмайтының билік басындағылар түсінетін шығар.
Мемлекет шекарадан басталады. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне сеніп тапсырылған. Шекара маңындағы ауылдар дегенде шекарашылар туралы айтпай кету жарамас. Бізбен сөйлескен шекарашылар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі азаймай тұрғанын айтып қынжылады. Әсіресе, шекара маңындағы ауылдардың тұрғындарына мал ұстау өте қиын. Төрт аяқты жануардың шекараның арғы бетіне өтіп кетуі, оны іздеп барып иесінің өтіп кетуі, Ресей шекарашыларына ұсталуы секілді фактілер жиі тіркелетіні бар.
– Шекараны заңсыз кесіп өту фактілері азаймай тұр. Біздің шекарашылар да, Ресей тарапы шекарашылары да ұстап, жауапкершілікке тартып жатамыз. 2023 жылы шекараны заңсыз кесіп өту туралы 200-дей факт тіркедік, – дейді БҚО Шекара қызметі департаментінің офицері Арсен Дунаев.
Мәселен, 2023 жылы төрт түлік малдың шекарадан өтіп кетуіне қатысты 57 факт тіркелген. Бір ғана Жәнібек ауданының өзінде 25 дерек тіркеліп отыр.
БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Жұмахметқызы шекара маңындағы ауылдардың халқына бөлек жеңілдіктер мен бонустар қарастырылуы керек деп есептейді.
– Шекара маңындағы ауылдар халқы көшіп жатыр деген сөз – шекара ашық қалады деген сөз. Ал бұған жол беруге болмайды. Сондықтан да осы ауылдың халқы үшін еңбекақысына үстеме төлеу, зейнетақыларын көтеру, немесе еңбек өтілін басқаша есептеу секілді жеңілдіктер берілсе, шекара маңындағы ауылдарда тұрғындар қалар еді. Себебі шекара маңы ашық қалса еліміздің есігі ашық қалды деген сөз ғой. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдар осы мәселені қолға алуы керек деп есептеймін, – дейді Райса Еркеғалиева.
БҚО бойынша шекара маңындағы 47 ауыл халқының саны 50-ден аз. Бұл енді ауыл деуге де келмейтін шағын ғана елді мекен ғой. Биыл 47 ауыл, енді бес жылда қанша ауыл халқының саны азаярын кім біліпті?! Батыс қақпаның беріктігі мен бүтіндігі үшін мемлекеттік дәрежеде шұғыл бағдарламалар қабылданып, тиісті шаралар атқарылуы керек шығар. Сонда ғана шекара маңындағы ауылдарды тастап көшіп жатқан көшті тоқтатуға болар.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы