Шоқан Уәлихановтың Көкшетаудағы мүсіні қоқыс арасынан табылды

Көкшетауда қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың ескерткіш-бюсті кір көрпеге оралған күйде қоқыс арасынан табылды.

Қаланың шеткі аймақтарының бірінде қоқыс үйінділері мен гараждардың арасынан табылған айтулы қазақ тұлғасы мүсінінің бұлай жатқаны елдің назарын аударып, қоғам арасында резонанс туындады, деп хабарлайды Aikyn.kz  тілшісі. 

Бюстті тауып алған қала тұрғыны Аслан Төлегенов бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Шоқан Уәлихановтың бюстін лас көрпеге орап, сыртынан сыммен байлап тастаған. 

«Қала ішінде Хасенов гараждарында қоқыстар мен гараждардың арасында ескерткіш жатқаны туралы сыбыс желдей ескен еді. Соны анықтап білейін деп арнайы барғанмын. Ескерткіш-бюст патшалық Ресей кезіндегі формамен тұрған  Шоқан Уәлихановтың ескерткіші болып шықты. Бұрын оның қайда болғаны маған белгісіз. Қандай себеппен осында тасталғаны, ескі жарылған көлік дөңгелектерінің астында жатқанын біз анықтауға тиіспіз. Ескерткішті суға батқан адам тәрізді ескі жырым-жырым болған көрпемен орап, сыммен сыртынан байлап тастаған. Ескерткіш қоқыстың арасында жатыр», - дейді ол. 

Жұрт Шоқан Уәлихановтың бюсті қоқыс арасында жатқанына наразылық білдірді. 

«Осылай тарих та ұмытылады. Содан кейін ешкімге белгісіз жаңасы пайда болады. Ал оқымаған жас балалар жаңа Тиктокта түсірілген үзіп-жұлынған мәтіннен ештеңе де білместен миына құяды», «Өз тарихын білмейтін және құрметтемейтіндердің болашағы болмайды», «Тарихты бұлай қорлауға болмайды. Бұл біздің ата-бабаларымыз, олар туралы естеліктерді сақтауымыз керек», «Қазақ халқының ұлы тұлғасы ғой. Бұл қалай болғаны?» деп жазды желі қолданушылары. 

Біз Шоқан Уәлиханов атындағы университеттен аталған жағдай туралы анықтамақ болдық. Өйткені дәл университет алдында Шоқан Уәлихановтың бюсті орналасқан. Университет бұл бюст өздерінде болмағанын, бірақ анықтап білетінін жеткізді. 

«Шоқан Уәлиханов бюсті туралы ақпаратыңыз үшін алғыс айтамыз. Аталған бюст университетке тиесілі емес екенін хабарлаймыз. Біз оның қоқыс арасында қайдан тап болғаны туралы ақпаратымыз жоқ. Қазіргі уақытта университет бюстті университетке алдыру бойынша барлық қадамдарды жасап жатыр. Біз қазақтың ұлы зерттеуші тұлғасы Шоқан Уәлихановтың мүсіні қоқыс арасында жатуына жол берілмеуі тиіс деп санаймыз», - деді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен. 

Аталған жағдай бойынша одан әрі білмек мақсатта Ақмола облысының Мәдениет басқармасына жүгіндік. Ведомствоның мәліметінше, аталған бюст жеке коллекция жүргізген Мейрам Қойшыбаев деген адамға тиесілі екенін жеткізіп, ресми жауабын ұсынды. 

«Қалалық әлеуметтік пабликтерде Шоқан Уәлиханов мүсінінің тиісті түрде сақталмағаны туралы ақпарат тарады. Алайда аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені аталған бюст суретші Мейрам Қойшыбаевтың жеке меншік коллекциясында болған. Мүсінші қайтыс болғаннан кейін бюст оның жақындары жекеменшік территорияға тасымалдаған», - дейді Ақмола облысының Мәдениет басқармасынан. 

Қазақтың ұлы ғалымының мүсіні енді қайда қойылатыны беймәлім. Біз бұл жағдайды назарда ұстамақпыз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы