Атырау облысында жолда қалған 15 адам құтқарылды

Құтқарылғандар Тұщықұдық ауылына эвакуацияланды.

11 ақпанда Атырау облысы Исатай ауданының қыстауларының бірінен Тұщықұдық ауылына қарай бет алған үш көлік батпақты жерден өздігінен шыға алмай қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Құтқарушыларға сағат 23:10-да қоңырау келіп түскен. Олар жедел түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бет алды.

Құтқарушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде жоғалған адамдар Тұщықұдық ауылынан 20 км жерден табылды.

Құтқарушылар 15 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарып, Тұщықұдық ауылына эвакуациялады. Құтқарылған адамдарға медициналық көмек қажет болған жоқ.