Өткен жылы облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы құрылған еді. Бұл күндері барлық аудан орталықтарында да аталмыш мекеменің филиалдары жұмыс істеуде. Ал, облыстағы барлық елді мекендерде арнайы штаттық кестеге орай, жоғары білімді әдіскерлер жұмыс істейді. Олар жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулуда.
Облыс орталығы Талдықорған қаласында да әр сенбі сайын "Жастар" және "Жеңіс" саябақтарында спорттық шаралар өткізу бастама алды.
Облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу ортылығының басшысынан бастап, барлық мамандары осы спортттық шараның басы-қасында жүр.
Сенбі таңының алғашқы спорттық шарасына 500-ге жуық қала тұрғындары қатысты. Олар әдіскерлер көмегімен түрлі дене қыздыру жаттығуларын жасайды. Содан кейін жас мөлшерлеріне қарай спорттық жарыстарға қатысады.
«Сенбі таңында осындай шара ұйымдастыруға мұрындық болған әкімдік ұжымына, спорт мамандарына алғысым шексіз», – дейді еңбек ардагері, халықаралық әдеби "Алаш" сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін.
«Сенбі-жексенбі күндері қалалықтар демалады. Әсіресе, біз сияқты зейнеткерлерге пайдасы ұшан-теңіз шара екен», – дейді зейнеткер, қала тұрғыны Райхан Қапышқызы.
Әртүрлі спорттық сайыстарда күш сынасып, жеңімпаз атанғандар арнайы сыйлықтарға ие болды. Аталмыш шараның басты мақсаты – халық арасында бұқаралық спортты қарқынды дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтырушылар санын арттыру.
Тағы бір ерекше айтарымыз, әр сенбі сайын дәстүрге айналмақ спорттық шараға тек қана қала тұрғындары ғана емес, сондай-ақ қала қонақтары да қатыса алады. Жас мөлшерлеріне де еш шектеу жоқ.