Жаңадан ашылған сауда орны алдыңғы әлеуметтік дүкендерге қарағанда әлдеқайда кең әрі жайлы екен және мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағыдан 15-20% төмен бағада ұсынылуда. Алғашқы күні тұтынушы көп болды. Бағаның да көңілдерінен шыққанын айтып жатты.
Халықтың сұранысына сай болып, бағаның тұрақтануына ықпал етеді деп болжанып отырған сауда нысанын «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен «Свет-Ко» жеке кәсіпкерлігі ашты. «Жарық» дүкенінде облыстың тұрақтандыру қорының және «кері схемамен» жұмыс істейтін өндірушілердің тауарлары саудаланады. Әлеуметтік дүкенде тауардың түрі көп, соның ішінде азық-түлік, тұрмыстық химия, сусындар және басқа да әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі азық-түлік өнімі нарықтағыдан 15-20% төмен бағада саудаланады. Мысалы, I санаттағы жұмыртқаның ондығы 445 теңгеден, сұйық май литрі – 510 теңге, күріштің келісі – 340 теңге, картоп – 110 теңге, пияз – 70 теңге, сәбіз – 140 теңгеден, осылайша жалғаса береді.
Нысанның ашылуына арнайы келген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Бершімбеков әлеуметтік дүкендердің ашылуы облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынып, Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
– Мұндағы сөрелерге тауарлар делдалсыз, өндірушілерден тікелей жеткізіледі. Сондықтан бағасы да тұрақты болады. Әлеуметтік дүкендердің бәрін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қаржыландыратындықтан, олардың тауарларды нарықтағыдан төмен бағада сатуына мүмкіндігі бар, – деді қала әкімінің орынбасары.
– Жаңа дүкенге жарма, көкөністер мен жұмыртқа алуға келдім. Шынында да, нарықтағыдан төмен бағада екен. Дүкен қолайлы жерде, аялдамаға жақын орналасқан. Біздің ауданда егде жастағылар көп. Енді бізге орталық базарға жиі барудың қажеті болмайды, – дейді қала тұрғыны Гүлгүл Қанапиянова.
Қазір Жетісу облысында «Жетісу» ӘКК-нің 6 әлеуметтік нүктесі орналасқан. Оның ішіндегі 2 әлеуметтік дүкен Талдықорғанда, 1-еуі Үштөбе қаласында, сол сияқты коммуналдық және әлеуметтік базарлар мен «Көкбазар» сауда үйінде жұмыс істейді. ӘКК өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқталмайды, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес алдағы кезде де облыс орталығының халық тығыз орналасқан шағынаудандарында осындай форматтағы әлеуметтік дүкендер ашылады.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы