Британдық BBC News басылымы 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желі қолданбаларын пайдалануға тыйым салу қажеттігі туралы мақала жариялады. Шетелдік басылымға сүйене отырып, Aikyn.kz жас балаларды әлеуметтік желінің шырмауынан шығару жолдарын талдайды.
Жақында британдық ресми органдар «16 жасқа дейінгі телефон» идеясын қоғамдық ұйымдармен бірлесіп талқылай бастады. Балалар құқығы жөніндегі комиссар Рэйчел де Соуза желідегі қауіпсіздікті күшейту үшін ата-аналар ұсынған «16 жасқа дейінгі телефон» идеясы мен балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу керек дейді.
Рэйчел де Соуза ханым балаларға телефон ұстауға тыйым салу қиын болатынын, бірақ «қарапайым телефондарды» насихаттау үшін көп нәрсе істеуге болатынын айтады.
Теориялық тұрғыдан бұл балалар ата-аналарымен байланыса алатын, бірақ әлеуметтік желіге қосыла алмайтын телефондар болуы мүмкін.
Рэйчел де Соуза бейсенбі күні BBC-ге берген сұхбатында: «Қауіпсіз телефондар жасау үшін Apple мен Google-ге сенуге бола ма?», – деген сұрақтың да қиын екенін ескертеді.
Премьер-министр Риши Сунак бұрын «Интернеттегі қауіпсіздік» туралы жаңа заң балаларды желіде қорғауға жеткілікті күшті екенін айтқан болатын.
Оның айтуынша, жаңа заң мемлекеттік Ofcom агенттігіне «әлеуметтік медиа компанияларымен сөйлесуге және балалардың желідегі зиянды контентке ұшырамауын қамтамасыз етуге» құқық береді.
Ата-аналар қауымдастығы 16-ға толмаған балаларға смартфондар арқылы әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салуға және ата-аналарды балаларының желідегі іс-әрекеттеріне бақылауды күшейтуге шақыруда. Бұл жерде ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік артылатын сияқты.
Балалар жөніндегі уәкіл бұған дейін де балалардың интернеттегі зиянды контентті қолдануына қатысты алаңдаушылық білдірген болатын. Оның айтуынша, оның командасы сауалнамаға қатысқан 13 жастағы балалардың жартысы әлеуметтік желілерде зиянды контентті жиі көретінін анықтаған.
«Мен балалар 18-ге толғанша ондай контент көргенін қаламас едім», – дейді Рэйчел де Соуза ханым.
Мына видеоны әрбір ата-анаға балаларымен талдауға кеңес береміз: